Атырауда тапшы болып жатқан сұйытылған газды енді Теңізшевройл жеткізетін болды, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.
Қаңтар айында Атырау мұнай өңдеу зауытында ірі құрылғылар жиырма бір рет сөніп, ақау пайда болған еді. Сол себептен, өндіріс мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Оның үстіне наурыз айынан бастап Энергетика министрлігі газ бағасын реттеуді тоқтатқан. Сәйкесінше мұнай мен газға бай өңірде сұйық отын тапшы болып, оның бағасы нарықтағы құнынан күрт өсті. Бұл мәселеге аймақ басшысы өз қарамағындағы шенеунікке кінә артса, жауапты министрлік пандемияға байланысты «Автогаз құю станцияларында автокөлікке құюға арналған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу туралы» бұйрық бірінші наурыздан бастап күшін жойғанымен түсіндірді.
«Энергетика министрлігі биыл наурыз айына сұйытылған мұнай-газдың жеткізудің түзетілген жоспарын қалыптастырды. Онда осы зауытқа бекітілген өңірлер, басқа зауыттардың ресурстарына қайта бөлінді. Атап айтқанда Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары, Алматы қаласы мен Елорда «ПетроКазахстанОйлПродактс» ЖШС-не, Қостанай және Маңғыстау облыстары – «СНПС -Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қайта бағытталды», – деді ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының орынбасары Дәурен Әбілқайыров.
Бұған дейін Атырауда автогаз тапшылығына облыс әкімі қарамағындағы шенеуніктерді кінәлағанын жазған болатынбыз.