Жалға алу құны минутына 25 теңге, бұғаттан шешу – 100 теңге
Бұдан былай Алматыда электр самокатты қысқа мерзімге жалға алуға болады. Сол үшін арнайы кикшеринг жүйесі іске қосылмақ. Елімізде алғаш рет қолға алынған жоба алматылықтарға қалада тез әрі ыңғайлы қозғалуға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмыс істеу жүйесі шаһарда сәтті іске қосылған «Алматы байк» жобасына ұқсас. Тек ұялы телефоныңызда арнайы қосымша болса болғаны.
Алматылықтар үшін бұған дейін қалада көлік нөпіріне түспей, діттеген жеріне тез жету мұң еді. Ал, қазір қос дөңгелекті транспортпен мәселе оңтайлы әрі жеңіл шешілмек. Жоба авторлары самокатты жалға алу үшін тіпті ешқандай құжаттың да керегі жоқ дейді.
«Біздің скутерлеріміздің бірін жалға алу үшін алдымен ұялы телефонға арнайы қосымшаны жүктеп алу қажет. Сол қосымшада жақын маңдағы бос скутерді таңдап, кьюар код арқылы бұғаттан шешесіз. Бар болғаны сол», – дейді «Ozim Scooters» компаниясының менеджері Станислав ЦАЙ.
Бүгінгінің трендіне айналған электр самокатты жалға алу құны минутына 25 теңгені құрайды. Бұғаттан шешу үшін 100 теңге жұмсайсыз. Бірақ шотыңызда кем дегенде 2 мың теңге болуы шарт. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл өзге дамыған қалалардағы жалға алу құны жағынан ең арзаны саналады. Мысалы Парижде - 420 теңге, Берлинде - 80 теңге, Амстердамда 120 теңгенің көлемінде екен.
«GPS-трекер скутердің жүргеніне дейін көрсетеді. Біздің операторлар сол арқылы барлығын бақылауда ұстайды. Яғни әр қозғалысы мен жүрісі қадағаланады. Самокатты ұрлап кеткісі келген адам да бірден көрінеді», – дейді «Ozim Scooters» компаниясының менеджері Станислав ЦАЙ.
Кикшеринг жүйесі Алматыда шілде айынан бастап іске қосылады. Әзірге 300 электр самокаты бар 35 бекет ашылмақ. Олардың барлығында қауіпсіздік жүйесі мен GPS-трекер қарастырылған. Жобаны жеке инвестор қаржыландырып отыр.
«Қазір алғашқы бекеттерді орналастыратын орындар анықталды. Бастапқы кезеңде 35 бекет қала орталығында «Алматы байк» велошерингі бекеттерінің қасына қойылады», – деді Алматы қаласы Қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы Абылайхан ОМАРХАН.
Егерде сұраныс көп болса, жыл соңына дейін электр самокаттардың санын 500-ге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы