Бассейнге түсемін деп ішек ауруларынан бастап, серозды менингитке дейін жұқтырып алуыңыз мүмкін
Алматының санитарлық дәрігерлері әсіресе, ашық бассейндерге түсерде абай болуды ескертеді. Себебі бассейнге түсемін деп ішек ауруларынан бастап, серозды менингитке дейін жұқтырып алуыңыз мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ерекше тәртіппен тексерілген қаладағы екі нысанның бірінен бүгінде түрлі заң бұзушылықтар анықталған.
«Аталған екі нысанда санитарлық техникалық жағдайлары сақталмаған: медициналық тексерістен өтпеген және де кір және таза киімдерді бірге қоя салған. Дер кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Медициналық кітапшалары дұрыс болмаған», – дейді Алматы қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Әнел МҰСАЕВА.
Санитарлық талап нормаларын сақтамаған бассейн иесіне 50 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынып, ұйғарым берілген. Аталған олқылықтар бір ай көлемінде түзелмесе, істі сотқа жібереміз дейді санитарлық дәрігерлер. Сондай-ақ мамандар суға шомылғанда абай болуды ескертеді. Себебі салқындаймын деп, қауіпті ауру жұқтырып алуыңыз да ғажап емес.
«Лас бассейнге шомылу салдарынан балалар мен ересектер серозды менингит, вирусты гепатит А, неше түрлі дерматиттер, аллергиялар, ішек ауруларына шалдығуы мүмкін. Қазіргідей күн суық кездері ашық бассейнге мүмкін болса, барма керек. Сондай-ақ бассейн суы таза болмаса, бізге шағымдануға болады», – дейді Алматы қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Әнел МҰСАЕВА.