Алматыда әкімдігі жекеменшік балабақшаларға 5,4 млрд теңге бөлді

Алматыда әкімдігі жекеменшік балабақшаларға 5,4 млрд теңге бөлді
Бүгінде Алматыдағы 353 жекеменшік балабақшаға 16 мың 700 бала осы тапсырыс аясында қабылданып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімдігі биыл жекеменшік балабақшадағы мемлекеттік тапсырыс үшін 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Енді 16 мыңнан астам баланың ата-анасы айтарлықтай қаражат үнемдейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Индира Тойчибекова – екі ұлдың анасы. Үлкені 6-да болса, кішісі 4 жарым жаста. Ағалы-інілі қос ұл 3 жылдан бері жекеменшік балабақшаға барып жүр. Жас ананың айтуынша осыған дейін екі балаға біраз қаржы жұмсауға тура келіпті. Ал, олар барып жүрген жекеменшік балабақша биылдан бастап мемлекеттік тапсырыс қабылдай бастаған. Содан бері жас отбасының иығынан жүк түскендей болыпты. Сондықтан, бағдарламаның шарапаты мол дейді И.Тойчибекова.

«Балаларымның бұл балабақшаға барғанынан кейін мемлекеттік бағдарламаға қосылғанына 1 жыл болды. Үнемделген ақша біздің отбасымыз үшін өте маңызды. Енді балаларға қалаған ойыншығын сатып әпере аламыз. Демалысқа шығуға да қаражат жететін болды», – дейді Индира ТОЙЧИБЕКОВА.

Жәния мен Жанельдің анасы да қыздарының балабақшаға мемлекеттік тапсырыс аясында барып жүргенін айтады. Үнемделген қаражатқа екі қыз үйірмелерге қатысады.

«Бұл біріншіден қаражатты айтарлықтай үнемдейді. Себебі, жас отбасының өзінің белгілі бір бюджеті бар. Әр ай сайын балабақшаға ақша төлейтін кезде мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп жатқанын түсінеміз. Артылған шамамен 60 мың теңгені баланың басқа қажеттіліктеріне жұмсап жүрміз. Олардың ой-өрісін дамытып, денесін шынықтыратын ақылы үйірмелерге бердік», – дейді қыздардың анасы Наргиза УМАРОВА.

Қазіргі таңда Алматыдағы 353 жекеменшік балабақша 16 мың 700 баланы осы мемлекеттік тапсырыс аясында қабылдап отыр.

Олардың әрқайсысына ай сайын үкімет тарапынан 27 мың 502 теңге бөлінеді. Дегенмен, бөлінетін сома жыл сайын өзгеріп отырады дейді қалалық білім басқармасы. Былтыр бұл сан 26 мың 828 теңгені құраған екен. Мемлекеттік тапсырысты барлық отбасы ала алады. Тек көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар үшін басқалай жеңілдіктер бар.

«Мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінетін ақша міндетті стандартты орындау үшін беріледі. Бұл ақша қызметкерлеріміздің жалақысына, кішігірім жөндеу жұмыстарына, коммуналдық төлемдерге деп берген мемлекеттің көмегі. Алматы қаласы бойынша электрондық жүйеде балабақшаға кезекке қою және жолдама беру 2018 жылдан бастап істейді. Ол жерде бала туылған жылымен кезекке қойылады. Ол жерде жекеменшік балабақшаға да, мемлекеттік балабақшаға да осы бір кезек», – дейді Алматы қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Әлия САҒИЕВА.

Айта кетейік, Алматыда 3 пен 6 жас аралығындағы 24 мыңнан аса бала кезекте тұрса, 1 жастан асқандар тізімінде 57 бөбек тұр. Қалада 2019 жылы 2 бөбекжай қолданысқа берілген. Олардың бірі – 320 орындық Ақжар ықшамаудандағы, екіншісі –  Теректідегі 120 балаға арналған қос балабақша. Сондай-ақ, жыл аяғына дейін тағы бесеуі іске қосылады.

Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров