Халық коммунистері Қаратау кентінің сайлаушыларымен кездесті

29.05.2019 22:42

Коммунистік партия белсенділері Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Қаратау кентінің сайлаушыларымен кездесті. Облыстық сайлауалды штаб жетекшісі кандидат Жамбыл Ахметбековтың бағдарламасын баяндап, тұрғындарды партия бағыттарымен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаратау тұрғындарымен кездесуде партиялықтар өндіріс саласының маңыздылығына тоқталды. Ол партияның салық жүйесіне қатысты ұсыныстарына аса мән беру керек дейді.

«Өз айлығына күн көре алмай жатқан халық 10% айлығынан салық төлейді. Миллион, миллиардтап табыс көрген азаматтар да солай салық төлейді. Батыс елдерін мысалға алсақ, кей мемлекеттерде бай адамдар 42% дейін салық төлейді екен. Осыған байланысты әділеттілік талап етсек, бай адамдар неге артық төлеп, әлеуметтік жағдайын көтеруге, еліміздің дамуына үлес қоспайды?..», – дейді ҚКХП Жамбыл облыстық комитеті бюросының мүшесі Магомад ТОҚСАБАЕВ.

Сайлаушылар коммунистік партияның атынан сайлауға түскен үміткердің сайлауалды тұғырнамасының тезистерімен танысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Олардың дені жұмыссыздық, төмен жалақы, қаладағы ауыз су мәселесіне қатысты болды. Облыстық штаб жетекшісі сайлаушыларды 9 маусым күні өтетін Президенттік сайлауға белсене қатысып, лайықты үміткерге дауыс беруге шақырды.