Бірегей құрылым Еуразиялық топтың қолдауымен тұрғызылған. Аталған қорық мамандарының айтуынша, ыстық мемлекеттерден ұшып келетін тропикалық бұл құстардың саны жыл санап кеміп барады, деп хабарлайды
Қоқиқаз құсы «Қорғалжын» табиғи қорығының брендіне айналған. Дәп осы себептен стеллада тропикалық құс бейнеленген. Жоба жетекшісі Ярослав Антонюктың айтуынша, оны тұрғызуға бір жылдай уақыт кетіпті. Бұған былтыр болған қатты дауылдан құрылымның құлауы себеп дейді сәулетші.
«Бұл кішігірім композициямен біз Қорғалжын табиғи қорығының барлық әсемдігін, бірегейлігін көрсеткіміз келді. Қоқиқаз бұл жердің визиткасы деуге әбден болады. Сондықтан ең алдымен, біз осы құсты бейнеледік. Бұдан соң жұмыртқа тәрізді шар қойдық. Африкадан ұшып келетін олар мұнда ұя салып, бір-екі жұмыртқадан басып шығарады. Жобаны жасап шығару үшін бетон, металл және өзге де құрылыс материалдарын қолдандық», – деді жоба жетекшісі Ярослав АНТОНЮК.
Жобаның құны – 4 миллион теңге. Бұдан бөлек, Еуразиялық топтың компаниясы инспекторларға 2 мотоцикл, 3 өртке қарсы мотопомпа және арнайы фотоқақпандар сыйға тартты.
Атап өту керек, ERG кәсіпорындары қоршаған ортаны қорғауға тұрақты үлес қосып келеді. Ал, «Қазақстанның биологиялық алуан түрлігін сақтау» корпоративтік қорының өкілдері саладағы бірқатар түйткілдерді атап өтті. Соның бірі – 500 мың гектарды құрайтын Қорғалжын табиғи қорығында маманның аздығы.
«Мәселен, 100 инспектор болуы шарт. Алайда, мұндағы маманның саны 50-ге жуықтайды. Тағы бір мәселе – донор табу. Меніңше, қазір салық саясатына заңнамалық тұрғыда өзгерістер енгізу қажет. Мәселен, елімізде көптеген әлеуетті донорларда преференциялар, яғни салық жеңілдіктері жоқ», – «Қазақстанның биологиялық алуан түрлігін сақтау» корпоративтік қорының жетекшісі Асылхан АСЫЛБЕКОВ.
Маманның айтуынша, жыл сайын ұшып келетін қоқиқаздың саны азайған. Бұл су деңгейінің тым көтеріліп кетуіне байланысты дейді мамандар.
Қорғалжын табиғи қорығының брендіне айналған қоқиқазды біз тек дүрбінің көмегімен көрдік. Мамандардың айтуынша, ерекше бұл құстар жағаға жақындаудан қорқақтайды. Дәл осы Есей көлінде қазір шамамен 400 фламинго бар. Бұл колонияда негізінен жұп құрып үлгермеген қоректеніп, демалып жатыр. Олар мұнда қыркүйек айына дейін болады.
Кейде бұл тропикалық құстар алғашқы қар түскенге дейін осында қалады. Ұя салып, балапандарының қанатының қатаюын күтеді. Ал балапандары ширамаған жағдайда тастап кете барады. Оларды қорық мамандары жинап алып, жасанды түрде өсіреді.
«Қоқиқаз таяз көлдің ортасында жүреді. Жағаға жақындаудан қорқады. Жаға олар үшін өте қауіпті саналады. Себебі Африкада фламингоға маймылдар да, қабыландар да шабуылдайды. Қоректенгенде де талғамайды. Көктемде келіп, жазда ұя салып, 1500 балапанға дейін шығарады. Қоқиқаз қытайда панда сияқты, біздің қорықтың брендіне айналып үлгерді», – дейді «Қорғалжын» табиғи қорығы директорының орынбасары Алексей КОШКИН.
Қорық мамандарының айтуынша, жыл сайын ұшып келіп, қорық көлдерінде тұрақтайтын қоқиқаздардың саны әртүрлі. Бес мыңнан 70 мыңға дейін келуі мүмкін. Себебі «Қорғалжын» табиғи қорығы олардың сүйікті мекеніне айналған.