Қаладағы тұрғын үй қорындағы 18 пайыздан астам лифтінің әбден тозығы жетіп тұр. Оларды 2020 жылға арналған өңірлерді дамыту бағдарламасына қатысу арқылы жаңғырта алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі .
Алмалы ауданындағы көпқабатты үйдің жеделсатысы қызмет көрсету мерзімі өтіп, әбден тозығы жеткен. Лифтінің тек дауысы үрей туғызып қана қоймайды, тұрғындар оның ішінде қалып кетіп, талай рет қызмет көрсетуші компанияны шақырыпты.
Алматының тұрғын үй қорында 5 мыңнан астам жеделсаты бар. Оның қазір 900-ден астамы адам өміріне қауіпті. Өйткені олардың дені 25 жылдан аса жұмыс істеп жатқандар.
«Тұрғындар көбіне жедел сатылардың сыртына қарап, бәрі жақсы екен деп ойлайды. Кабинасы мен есігі бұзылмаса болды дейді. Алайда, лифттің ең маңызды бөлігі – қозғалтқышы. Жыл сайын оны қарап, техникалық жөндеу жасап тұру керек. Шахтаның ішіне су кіруі мүмкін. Сонымен қатар, шаң басып, тросстың жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан, біз белгілі уақытта жедел сатылардың жабдықтарын ауыстырып тұрамыз», – деді «Алматылифт» ЖШС инженері Ермек ЫҚТЫМБАЕВ.
Жаңа жедел сатының бағасы кем дегенде 6 миллион теңгеден басталады екен. Оны ауыстыруға тұрғындардың шамасы жете бермейді. Осы тұрғыда қалада 2020 жылға дейін жоспарланған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылады. Ескірген көтеру механизмін жаңартқысы келген тұрғындар, алдымен пәтер иелері коопертиві төрағасымен жалпы жиналыс өткізуі керек. Тиісті хаттама толтырып, өтініш берілген соң, жаңарту жайы жоспарға қойылады.
«Жалпы лифт қайтарым мерзімі 8-ден 15 жылға дейін. Ол әр үйдің, пәтердің жалпы ауданын байланысты есептеледі. Аз аудан болса, аз ақша қайтару керек. Ауданы көп болса, көп ақша төлейді. Қайтарылым ақшасының сомасы бүкіл келісімшарттың мерізімінде ешқандай өзгеріске ұшырамайды. Және тұрақты болып қалады», – деді «Алматы тұрғын үй» ЖШС бөлім басшысы Қуаныш СЕЙІТОВ.
Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына 148 үй қатысып, нәтижесінде 300 лифт ауыстырылған. Жарты ғасырға жуық бұрын іргесі қаланған бұл көпқабатты үйдің жеделсатысы сол уақыттан бері жаңартылмаған. Жандарын шүбірекке түйіп жүрген тұрғындар оны жаңғыртуды бір ауыздан қолдап, оны алмастырыпты.
«Әрдайым қорқатын едік. Балалар ішінде тоқтап қалатын, иісі де жаман еді. Өзім 5-қабатта тұрамын. Жаяу шығу бізге қиын, лифт өте керек. Сондықтан лифт жаңарғанына өте қуаныштымыз», – деді Инабат АЛАУОВА.
«Жеделсатыға қорқынышпен отыратынбыз. Жоғары қабаттан төменге жете аламыз деп үрейленетінбіз. Себебі ол жүргенде теңселіп тұратын. Тоқтап тұрып қалатын кездері де жиі болатын», – деді Гүлбаршын ЖАҚЫПОВА.
Жеделсатыны жаңалау жұмысы осы қарқында жалғасатын болса, қаладағы тозығы жеткен көтеру механизмдерін 2-3 жылда ауыстыруға болады дейді мамандар.
Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы