Ульяна Кислицына есімді жедел жәрдем қызметкері қазақ тілінде «Асыл әжем» әнін орындағаны әлеуметтік желі қолданушыларын тамсандырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өз ісінің шебері әрі патриот Ульяна жедел жәрдем қызметінде істеп жүргеніне біраз уақыт болыпты.
«Даусы періштенікіндей, өзі бізге үнемі көмектесіп жүреді», - дейді бейнежазбаны жүктеген автор.
Қыздың қазақ тіліндегі әнді орындауы желі қолданушыларының жағымды пікірлерін жинады.
«Өзі сұлу, әнді әдемі орындайды екен», «Маған медициналық көмек көрсетуге келсе, мен бірден сауығып кететін шығармын», «Меніңше, оған әнші болған әлдеқайда жарасады, түр десе түрі, дауыс десе дауысы бар екен өзінің» деп жазыпты желі пайдаланушылары.
Дегенмен, бұл пікірлердің қатарында жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыс уақытында мамандықтарына қатысы жоқ іспен айналыспауы керек деп жазғандар да табылыпты.