Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтуі мүмкін

Sputnik
Sputnik
Президент заңнамаға сәйкес Үкіметтің отставкаға кетпейтінін, тек кадрлық ауыс-түйіс болатынын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат беріп, журналистер қойған 22 сұраққа жауап берді. Әңгіме барысында мемлекет басшысы ҚР Президентін ұлықтау рәсімінің 12 маусымда өтуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Журналистер қойған 22 сұраққа жауап берген Президент тек Парламенттік сайлаудың қашан өтетіні жайлы еш нәрсе айтпады. Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген барлық азаматқа ризашылығын білдіре отырып, өзіне артылған аса үлкен жауапкершілікті арқалаудың зор міндет екендігін алға тартты. Сонымен қатар, Президент сұхбат барысында сайлауға қатысты барлық жағдайлар жасалғанын, үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын насихаттағанына да тоқталды. Үкіметке бірқатар тапсырмалар беріп те үлгергенін айтқан Президент Қ.Тоқаев өңірлердің басты түйткілдеріне де тоқталды.

«Расында сайлау науқаны кезінде мен аймақтардың барлығын аралап шықтым. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар. Ол – заңды нәрсе, дегенмен әр аймақ бүгінде еліміздің дамуына өз үлесін қосып отыр. Әрине, елімізде түйіні шешілмеген мәселелер баршылық. Мен оларды жақсы білемін, сіздер де жақсы білесіздер. Бұл – медицинаның сапасы, жалақының төмендігі, экология, ауыз сумен қамтамасыз ету және тағы басқа жайттар. Сондықтан бұл өзекті мәселелерді біз басты назарға аламыз»,  – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Баспасөз конференциясында Президент Үкімет құрамына  жастар тартылатынын мәлімдеді. Атап айтарлығы, Президент заңнамаға сәйкес Үкіметтің отставкаға кетпейтінін, тек нақты-нақты кадрлық ауыс-түйіс болатынын айтты. Үкіметке жаңа тұлғалар, оның ішінде жастар өкілдері тартылмақ. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «Президенттік кадрлық резерв» дайындауға уәде бергенін, оған еліміздің барлық өңірлерінен 300 адам кіретінін атап өтті. Біз бұл тізімді жаңартып отырамыз. Бұл догма емес. Дегенмен басты мақсат – жастарды мемлекетті басқаруға тарту, – деді Тоқаев.

Новости партнеров