Құбыр бар, су жоқ: Түрксіб ауданының тұрғындары кімге наразы

20.04.2022 22:43

Нұршашқан шағын ауданында 6 көшеге асфальт төселеді

Almaty.tv

Биыл Түрксіб ауданының 3 шағын ауданында су желілері іске қосылды. Бүгін тұрғындармен кездесу өткізген аудан әкімі аталған жұмыстың нәтижесінде 12 мың адам тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әкімдік құбыр жүргізді деп қуанған жұрт қазір суға жете алмай отыр. Оған себеп – жауапты мердігер ұйымның салғырт жұмысы. Мәселені әкім алдына көлденең қойған көпшілік кездесуде бірқатар түйткілдің басын ашты. Бұл қатарда ықшам аудандағы жол және көлік, аурухана мен мектеп, сондай-ақ саябақ пен құрылыс жұмыстары бар.  

«Жастарға спорт кешені жетіспейді. Бізде аулада кешке балалар ойнайтын алаң жоқ. Барлық жерде салып жатыр екен. Біз де үміттеніп отырмыз», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Әкімжан Тұрсынов.

«Бізге бір емхана керек. Мен жақында ғана отадан шықтым, бармаған жерім қалмады. Өте қиын. Біз тіркелген №20 емхана Жұлдыз ықшам ауданында. Ол жерге қоғамдық көлік те бармайды», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Сұлушаш Омарова.

«Дәл осы емхана мәселесі бойынша қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», – дейді әкімдік өкілі. 

Жоба мамыр айында қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылмақ. Тиісті қаражат мөлшері де сол кезде белгіленеді.

«Бұл жерге емхана салынбайды. Халық саны аз», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов.

Тұрғындар жол мәселесін де ұмытпады. Нұршашқан шағын ауданында 43 көше бар. Қазір 6 көшеге  асфальт төселіп жатыр. Аудан басшысы көпшіліктің көңілін күпті еткен мәселелерді білетінін айтты. Шаруа біртіндеп шешімін таппақ.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы