Ұтыстан несие "ұтқан": Жетісу облысының зейнеткерлері алданды

14.06.2024 22:43

Келеңсіздікті анықтау үшін сотқа жүгінді

elements.envato.com

Жетісу облысында дертіне шипа іздеп жүрген зейнеткерлер сан соғып қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Өздерін көз дәрігеріміз деп таныстырған белгісіз азаматтар зейнеткерлерді алдап, массаж құрылғыларын сыйлыққа берген.  Артынша, тауардың құжатын рәсімдейміз деп несие келісімшартына қол қойдырып алған.

Бұл Әсем Рахымбаеваның ойда жоқта ұтып алған сыйлығы. Зейнеткер  әлдебір компанияның өкілі сіз олжалы болдыңыз деп массаж жабдығын ұсынғанда балаша қуанғанын айтады. Артынша бұл сыйлық оған 1 200 000 теңгеге айналғанын білгенде ес жия алмай қалған.    

- Қалай несие рәсімдегенімді білмей қалдым. Басым айналып кетті. Олар 1 сағаттай медициналық терминдермен сөйлеп, біздің басымызды қатырды. 15 минуттан 4 рет жасасаңыздар деді, сөйтіп қалай қағаздарға қол қойғанымды білмей қалдым. Одан кейін әтелефоныңызды беріңіз көмектесейін" деді. Жасымыз келген адамбыз, қалай басатынын білмейміз, соларға сеніп телефонымызды ұстаттық. Алдап кредитке кіргізді, - дейді Ескелді ауданының тұрғыны Әсем Рахымбаева.

Жасы жетпістен асқан Күләш Ниязбекова да бір жыл бұрын дәл осындай жағдайға тап болды. Белгісіз біреулер оны да көзіңізді тегін тексеріп береміз деп шақырып алып, массаж жабдығын ұтып алдыңыз деген. Зейнеткер нарықта 150 мың тұратын құрылғыға қалай 600 мың теңгесін қолма-қол санап беріп, тағы бір миллион екі жүз мыңды банк арқылы рәсімдегенін әлі түсінбейді.

- Үйге келген соң бір-екі күннен кейін ойладым мен акция ұтып алдым, мен неге төлеуім керек және маған неге несие рәсімдеді деп ойландым. Содан телефон соғып, "төлемеймін, алаяқтықпен айналасып жүрген сіздерді сотқа беремін" деп айттым, - дейді Ескелді ауданының тұрғыны Күләш Ниязбекова.

Азаматтар аталмыш компанияны сотқа берейін десе, келісімшартқа өздері қол қойған. Ал қазір зейнеткерлердің банк алдындағы берешегі күн санап көбейіп жатыр. Өйткені несиені төлей алмапты. Ең сорақысы, бүгін бар, ертең жоқ жалған компаниялар біраз адамды осылай қарыз қақпанына түсірген көрінеді. Мәселен, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне бір күннің ішінде массаж жабдығына қатысты 5 зейнеткер шағымданыпты.

- Тауар туралы тұтынушыларға толық ақпарат берілмеген. Массаж жабдығын нарық бағасынан өте жоғары сатқан. Бұл тұтынушылар құқығы туралы заңнамаға қайшы. Сондықтан несие олардың келісімінсіз рәсімделді деуге болады, - дейді Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Айдос Дәуешев.

Алданған азаматтар компания басшылығына тауардың сапасына қатысты шағым жолдады. Артынша Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мамандармен бірлесіп сотқа талап-арыз түсіреді.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Елімізде судьялардың жауапкершілігі күшейтіледі