Алматыда жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған акция басталды

Алматыда жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған акция басталды
Алғашқы 50 студенттің ішінде кімнің командасы ең көп адамға үйретсе, сол жеңімпаз атанбақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Цифрлан! Трендте бол!». Алматы қаласында жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған акция бастау алды. Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр ҚЫРЫҚБАЕВ цифрландыру бойынша қаладағы ЖОО-ның 50-ге жуық көшбасшы студентіне ликбез өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Яғни, жастар жаңа цифрлық технологиялар мен egov.kz электронды порталы арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін алуды үйренді. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, челленджді алдымен жастар арасында бастау бекер емес екен.

«Студенттер мессенджерге, ұялы телефонға, интернетке жақын. Сол себепті біз қазір 50 студентті үйретпекшіміз. Ол 50 адам тағы өзінің достарын, бірге оқитын студенттерді үйретуі керек. Бұл – өмірдің, біздің Елбасымыздың талабы. Біз дүниежүзінің басқа елдерінен артта қалмауымыз керек», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр ҚЫРЫҚБАЕВ.

Бүгінгі дәріс алған 50 студенттен қанша адамның цифрлық сауатын арттырғаны қараша айында өтетін «Цифрландыру трендте бол!» атты жалпықалалық акциясында белгілі болады. Оған дейін әлеуметтік желі арқылы челленджге қатысушылар арасында түрлі байқаулар мен акциялар өткізіліп, жеңімпаздары таныстырылып отырады. Алғашқы 50 студенттің қайсысының командасы ең көп адамды үйретіп шығарса, сол жеңімпаз атанбақ.

Айта кетейік, Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының қызметкерлері жыл басынан бері 50 мыңға жуық тұрғынға eGov.kz порталын пайдалану дағдыларын үйреткен. Және бүгінде 742 мемлекеттік қызметтің 532-сі электронды форматта қолжетімді.

«Арамызда көптеген студенттер телеграм-бот жайында және де mGov қосымшасы бойынша көп ақпарат білмейтін еді. Бүгінгі дәрістің арқасында біз қосымша арқылы да, телеграм-бот арқылы да ақпарат алуды үйрендік. Сонымен қатар, бізге ХҚКО-ға барудың еш қажеттілігі жоқ екендігін ұқтық. Уақыт шығындамай-ақ, кезекке тұрмай-ақ электронды түрде онлайн өтінім беріп, құжат алу өте тиімді», – деді студент Қажыгелді АЛЫМОВ.

Новости партнеров