|
25.09.2023 | 17:44
1039

Еңбек адамы: Сағат жөндеу үшін шыдамдылық керек - шебер

Бір кәсіпті атадан балаға мирас еткен отбасы қазақстандық КинЭС рекордтар кітабына енген

Еңбек адамы: Сағат жөндеу үшін шыдамдылық керек - шебер Almaty.tv

«Өз ісінің майталмандары қоғам назарында болуы тиіс». Көпшілікті еңбек күнімен құттықтаған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ата кәсіпті нәсіп етіп, ісін жалғастырып келе жатқандардың қатарында сағат жөндеуді мұра қылған Ширхановтар отбасы 300 жылдан бері істі дөңгелетіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ділмұрат Мираевтың сағат жөндеу ісімен айналысқанына 40 жылға жуықтаған. Ол – бұл кәсіпті қолға алған әулеттегі төртінші ұрпақ.  Адал еңбекпен нан тауып отырған шебер сағат жөндеуді 15 жасында ата-анасынан үйреніпті.

Айта кету керек, бір кәсіпті атадан балаға мирас еткен отбасы қазақстандық КинЭС рекордтар кітабына енген.      

– Әке-шешем, ата-бабам – сағат жөндеуші. Сағат жөндеу үшін шыдамдылық керек, – деді шебер Ділмұрат Мираев.

Ділмұрат Мираевтың анасы Мавлюда Ширханова – қала тұрғындары арасында танымал шебер. Елу жылдан аса сағат жөндеумен айналысып, бүгінде зейнетке шыққан. Төрт жүз мыңға жуық сағатқа жан бітірген ұста адал еңбегі үшін тұңғыш президентпен де кездесіпті. Ал әкесі Абдурашит Ширханов Леонид Брежнев, Дінмұхаммед Қонаев сынды ел танитын саясаткерлердің сағатын жөндеген.

– Әкемнің 10 баласы бар. Мектептен демалысқа шыққан кезде, әкем сағат жөндеуді үйрететін. Он баланың екеуі өзге мамандық таңдады, қалғаны сағат жөндеумен айналысады, – деді шебер Мавлюда Ширханова.

Ділмұрат шебер кәсібін 15 жастағы ұлы Елмұратқа үйретуді қолға алған. Ол – бұл істі жалғастырушы бесінші ұрпақ болмақ. Шебердің айтуынша, істі үйретуді қалайтындар көп болғанымен, шыдамдылық танытатындар аз.

– Жастар тез ақша табу үшін батарейкасын, бауын ауыстыруды үйренеді. Ал сағаттың ішіндегі механизмін шешіп, жөндеп, жинау қиын, – деді шебер Ділмұрат Мираев.

Бір сағатты жөндеуге кейде 2 сағат кетсе, кейде 1 апта керек. Шеберлер отбасы атадан балаға мұра болған істі кейінгі ұрпақ та жалғайтынына сенеді.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир