Петропавлдық кәсіпкер үй жануарларын асырау орталығын ашты. Кешен Қазақстанда бұрын-соңды болмаған еуропалық стандарттарға сай салынған. Онда бір мезгілде бірден 800 үй жануары пана таба алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Петропавлдық кәсіпкер Андрей Исаков бұған дейін жануарларды асырауға арналған кешендерді қаржыландырып келген. Кейін өзі сондай орталық ашуды көздеп, жобасын биыл жүзеге асырыпты. Ол кешен ашпас бұрын шетелдіктердің тәжірибесін меңгергенін айтады. Енді дала кезіп жүрген үй жануарлары осындағы орталықтан пана тапқан.
«Бұл идеяны көптен бері жүзеге асырғым келіп жүрген. 10 жыл бойы біз үй жануарларын асыраушы ұйымдарға демеушілік жасап, азық-түлік пен ақшалай көмек көрсетіп келеміз. Ветеринарлық клиникаларда емделу ақысын да төлейтінбіз. Тастанды ит пен мысықтарға жағдай жасаймын деген мақсат қойып, соны іске асырдым», – деді кәсіпкер Андрей Исаков.
Кешеннің құрылысы биыл мамыр айында басталған. Қала сыртындағы тозығы жеткен ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жанданды. Андрей Исаков кешенге заманға сай құрал-жабдықтарды орнатып, жануарлар стационарын ашуды жоспарлап отыр. Осылайша, жалғыз жекеменшік орталық бүтін бір облысты ветеринарлық қызметпен қамтамасыз ететін қуатқа ие болмақ.
«Мұнда ветеринарлық клиника ашу жоспарда бар. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ветеринар мамандары үй жануарларын емдеп, олардың денсаулықтарын бақылауда ұстайтын болады. Бұдан бөлек, ол клиника жалпы келем деушілерге де жұмыс істейтін болады», – деді Андрей Исаков.
Кешеннің айналасын демалыс орнына айналдыру да көзделіпті. Ғимараттың сыртында иттерді серуендетуге арналған аймақ бар. Болашақта онда орындықтар орнатылмақ. Бүгінде жаңа кешенде 200-ге жуық үй жануары бар. Аз-ақ уақыт ішінде орталыққа келіп, үй жануарларын асырап алып жатқандар да бар екен.
«Василек менің қолыма секіріп, маған бірден бауыр басып қалады деп ойламадым. Мысықтарды ұната қоймайтын итім Ляся да оны жылы қабылдады. Ит те, мысық та бір-бірімен достасып кетті. Енді мысық біздің жылы үйден пана табатын болады. Себебі үйдің үлкені де, кішісі де үй жануарларын қатты жақсы көреді», – дейді қала тұрғыны Алла Кувшинова.
Орталыққа түскен үй жануары 40 күндік қарантинде болып, ветеринар мамандардың тексерілуінен өтеді. Кешенде асыл тұқымды ит пен мысықтар да жетіп артылады. Бүгінгі күні орталық 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Алина Нұрғожа, «Алматы» телеарнасы, Петропавлдан