Үміткер әр бала 12 жасқа дейін тек ана тілінде білім алуы шарт деген ұстанымда
Тіл, жер, діл, ар-ождан. Қазақстан Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел Ақтау қаласының тұрғындарын осы төрт тұғырды түгендеуге үндеді. Жергілікті халықпен қарт Каспийдің жағасында кездескен үміткер оларды сайлауалды бағдарламасымен тереңірек таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық құндылықтарымызды ұдайы ұлықтап жүрген үміткер Ұлы дала мәдениетін жаңғыртуда белсенділік танытуымыз қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар ол ана тілін білмейтін азамат мемлекеттік қызметке алынбасын, әр бала 12 жасқа дейін тек ана тілінде білім алуы шарт деген ұстанымын алға тартты. Ақтау халқы үміткердің бастамаларын құптап отыр.
«Біз қазақ болып тудық. Сондықтан, өз тілімізді құрметтеуіміз керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ғой. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтап қалды, біз әлі орыс тілін араластырып сөйлейміз. Енді оған ағылшын, қытай тілдерін қосып жатыр. Біз ең бірінші өз тіліміздің мәртебесін көртеруіміз керек. Іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіліп, қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Сәдібек Түгел жұртты осындай ізгі жолға үндейді», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды қоғамдық штабының жетекшісі Орынбасар ҚҰЛБЕКОВ.