Мердігер компания өкілдері тор жәшіктерге 50 жылдан астам уақытқа кепілдік беріп отыр
Ұзындығы 2 шақырым келетін түбі темірбетонмен қапталып, берік қабырғалар орнатылған учаскені қала әкімі Бауыржан Байбек аралап көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мердігер компания өкілдері тор жәшіктерге 50 жылдан астам уақытқа кепілдік беріп отыр. Жағалаудың екі жағына жүргіншілер жолы, арықтар, балалар мен спорт алаңдары салынды. Құрылыс кезінде «Токио Роуп Алматы» зауыты шығарған өнімдер пайдаланылды.
Бекіту жұмыстары өзендердің 40 пайызына жүргізілді, әлі 32 пайызы қайта бекітуді қажет етеді. Ал, 27 пайыз өзендер табиғи ағыспен ағады, олар – тау өзендері.
Еске сала кетейік, Алматыда соңғы 3 жыл ішінде су басып қалатын аймақтар 67-ден 12-ге дейін қысқарған. Сондай-ақ, 9 өзеннің жағалауы бекітілді. 300 шақырымнан астам арық желілері салынды. Қарғалы өзенінің ұзындығы 8 шақырымға жуық жағалауы жасалып, абаттандырылды. Сонымен қатар, Медеу-Шымбұлақтың жарлары қорғаныс қабырғалармен мықтап бекітілді.