Алматы облысында тұрғындар зират үстінен құрылыс бастаған кәсіпкердің ісіне наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңатұрмыс ауылындағы тыныштық мекенінде соңғы бірнеше күнде дау толастар емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ата-бабамыз жатқан жерге тыныштық беріңдер». Алматы облысына қарасты Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары зират үстінен құрылыс бастаған кәсіпкердің ісіне наразы. Олардың сөзінше, бұл аумақтың жерлеу орнына айналғанына бір ғасырдан асқан. Ал енді бәзбіреулер келіп, зират үстінде өз кәсібін жүргізбек ниетте, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Жаңатұрмыс ауылындағы тыныштық мекенінде соңғы бірнеше күнде дау толастар емес. Жергілікті жұрт зират басындағы шамамен 4 сотық жерде өз нысанын салмақ болған кәсіпкердің бассыздығымен күресіп жүр. Олардың айтуынша, әлдекімдер келіп, заңды түрде осы жер теліміне ие болғанын айтыпты.  

«2021 жылы 21 сәуірде бұл жерді 804 миллион теңгеге сатып алдық деп бірі Дамир, бірі Талғат деген екі жігіт жүрді. Ешнәрсе саламын демеген еді. Бірде «Егін егемін, мына жерді түгел жыртқызамыз, сіздерге бұл жерді бермейміз» деді», – деп түсіндірді Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Айгүл Ошақбаева.

«Бұл партияның заманында берілген, қоршалған жер. Қоршалған жерге басып кіру заң бойынша қылмысқа жатады. Егер қоршалмаған болса, бір жөн. Әруақтардың жерін алу деген – ұятсыздық. Ешқандай заңға сәйкес келмейтін тірлік», – дейді Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Садық Майденов.

Ал жердің жаңа иесі сөзден іске көшкен сыңайлы. Себебі құрылыс алдындағы жұмыстарын бастап кеткен. 

Бұл жерге көз тіккендер тұрғындардың қарсылығына қарамай, жер телімінің сол жағынан шұңқыр қазып шыққан. Олар екі күн бұрын түнделетіп келіп, астыртын түрде ойын іске асырыпты. Ал ашуға булыққан ауыл жастары қазандықтың бетін қайта тегістеп жатыр.

Мәселенің анық-қанығын білу үшін тұрғындар сарғая күткен әкім түс уақытында келіп, жер телімінің банкте кепілде жатқанын айтты. Алайда кімнің және қашан қойғанынан бейхабар екен. Осы бір аптаның ішінде арнайы комиссия құруға уәде берді. 

«Халық қазір өтініш жазады. Мен оларды кадастрлық бөлімге, Жер комитетіне жіберемін. Сосын анықтама жұмысын жүргіземіз. Ары қарай сотқа шағымданамыз ба, көреміз. Заңды тұлғалардың жері заңды болса, шекаралары бейітке кіріп тұрса, сот арқылы шешеміз. Құжаттарын сотқа жібереміз», – деді Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Түленбаев.

Бұл – мұсылмандардың ғана емес, христиан, будда дінін ұстанған жандардың мәңгілік мекені. Ауылдықтардың сөзінше, бұл жерде шамамен 200-ден аса марқұм тыныштық тапқан.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров