|
04.10.2021 | 18:45
898

Алматыда мешіт жамағаты арасында өткен футболдың жеңімпаздары анықталды

Аталмыш турнирге қаладағы барлық 52 мешіттен 300-ден астам команда қатысып, соның 8-і ақтық кезеңде ойнады

Алматыда мешіт жамағаты арасында өткен футболдың жеңімпаздары анықталды

Алматыда мешіт жамағаты арасында футбол лигасының финалдық кезеңі өтті. Аталмыш турнирге қаладағы барлық 52 мешіттен 300-ден астам команда қатысып, соның 8-і ақтық кезеңде ойнады. Турнир нәтижесінде бағы мен бабы қатар келісіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған жарыс жеңімпаздары қомақты қаржылай жүлдеге ие болып, 1 миллион теңге ұтып алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Алматыда жастарды салауатты өмір салтын ұстануға насихаттайтын футболдан сайыс өтті. Маусым айынан бері іріктеуден іркілмей, аудандық мешіт жамағаты құрамалары арасынан сүрінбей өткен үздік 8 команда өзара бақ сынасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа түрлі діни көзқарастағы азаматтар да қатыса алады.

«Мақсат – мешіт жамағатын бір-бірімен араластыру, таныстыру. Теріс ағымның алдын алу. Сол теріс ағым жетегінде жүрген азаматтарды да осындай сайыстарға қатыстыра отырып бейімдеу», – деді қаланың бас имамы Төлеби Оспан.                       

Тартысты өткен турнирдің финалында Медеу ауданының командасы Әуезов ауданының ойыншыларымен ойнап, пенальти сериясында жеңіске жетті. Ал үздік үштіктен Бостандық ауданы көрінді. Осылайша, топ жарған командалар дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. 

«Ұйымдастырушыларға мың алғыс. Осындай керемет деңгейде жарыс ұйымдастырып жатыр. Алматы қаласының бас имамына да мың алғыс. Алла разы болсын», – деді жарыс жеңімпазы Әлиасқар Шамшатов.

Шара соңында Алматының бас имамы қаланың дамуына үлес қосып, белсенділік танытып жүрген 8 ауданның имамына да алғыс хаттар табыстады. 

«Біздің шарамыздың мақсаты – мешіт жамағатын салауатты өмір салтына тарту, насихаттау. Спорттық шараларға белсенді түрде шақыру», – деді қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке.

Айта кетейік, мұндай спорттық сайыстар мешіт жамағаты арасында 2017 жылдан бері өтіп келеді.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир