Депутаттар су шаруашылығындағы артық шығындар мәселесіне талқылады

Депутаттар су шаруашылығындағы артық шығындар мәселесіне талқылады
10 су таратқышты жөндеуге кеткен ақшаға 600 орындық бес мектеп көтеруге болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

10 су таратқышты жөндеу үшін әзірленген жоба-сметалық құжаттамадағы асырылып көрсетілген сомаға 600 орындық бес мектеп көтеруге болады. Су шаруашылығы нысандары мен гидротехникалық құрылыстарын жөндеуде сметалық құнды шарықтату фактілері туралы бүгін Сенаттағы парламенттік тыңдауларда Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Анықталғаны, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай облыстарында былтыр судың жылыстауының жоғары деңгейі тіркелген. Су жеткізу желісі тозығының салдарынан шыққан шығын 16 миллиард теңгені құрады.

Тәуелсіздік алғалы су шаруашылығы нысандары мен гидротехникалық құрылыстарын паспортизациялау шарасы бір де бір рет жүргізілмеген. Олардың басым бөлігі қазір 70 пайызға дейін тозып отыр. Магистралдық каналдардың дені 100 пайыз ескірген. Сондықтан олардың саны мен техникалық жай-күйін есептеу қажеттілігі туындап отыр екен. Парламенттік тыңдауда, бұдан бөлек, гидротехеникалық нысандарды реконструкциялау мен күрделі жөңдеу барысында бюджеттік заңнаманың өрескел бұзылатыны айтылды.

«Мәселен, Жезқазғандағы Эскулин су құбырының құрылысы барысында полиэтелен құбырлары шыныпластикалықтарға алмастырылды. Бұл жұмыстарға 385 миллион теңге жұмсалды. Нәтижесінде гидравликалық сынау барысында 69 екпін орын алды. Олқылықтарды жою үшін қайтадан полиэтеленді құбырларға ауыстырылды. Бұған қосымша 1, 1 миллиард теңге бағытталды», – дейді ҚР Есеп комитетінің төрайымы Наталья ГОДУНОВА

Қарағанды облысындағы тағы бір проблемалы нысан – «Жәйрем-Қаражал» топтық су құбыры. Оның тартылып жатқанына 10 жылдың жүзі болған.  Жобалаудағы шикілік үшін, құрылыс шала-шарпы жүргізілген. Салдарынан әлі қолданысқа да берілмей отыр. Мұндай жағдайлар Павлодар, Түркістан және Жамбыл облыстарында да ұшырасады деді.

«Мемлекет басшысының Жолдауы аясында алдағы үш жылда халықты сумен қамтамасыз ету үшін 250 млрд теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, Қазақстанның 4 облысындағы ирригациялық желілерді қалпына келтіру үшін 250 млн долларды Үкіметтің кепілімен Азия даму банкі беріп отыр. Қаражат арналарды тазартуға, жөндеуге, су тартуға, сондай-ақ 4 мыңға тарта гидротехникалық құрылымдарды қайта жөндеуге жұмсалады. Осы ретте Үкімет сумен қамтуға бөлінетін қаржыны қадағалауды күшейту керек», – дейді ҚР Парламенті сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ.

Отырыста еліміздегі су қоймаларының тазалығы мәселесі сөз болды. Белгілі болғаны, Қазақстандағы өзендердің барлығы дерлік өндірістік кәсіпорындардың қалдықтарымен ластанған. Мәселен, тексерілген 139 су қойманың тек төртеуі нормативтік талапқа сай деп танылған. Олар Атырау облысындағы Жайық, Шароновка, Қиғаш, Түркістан облысындағы Қатта-Бұғұн өзендері мен Каспий теңізі. Ластанудың жоғары деңгейі 16 өзен мен 14 көлде тіркеліпті. Ал өте қатты ластанғандардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысындағы Красноярка және Ақмола облысындағы Ақсу, Қылшықты, Шағалалы өзендері мен Майбалық көлі бар.

Новости партнеров