Қарағанды облысында тозығы жеткен электр желілері қашан жаңартылады

11.11.2023 в 22:46

Өңірде электрик мамандары жетіспейді

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ӨКҚ брифингінде электр желілері қатты тозған және жеткізушілермен қиындықтар туындаған ең осал аудандар мен қалаларды атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі электр желілерінің тозуына қатысты проблемаларға тоқталды. Оның айтуынша, облыстағы желілердің шамамен 70% ескірген.

 - Тозу деңгейі өте жоғары, шамамен 70%. Біздің облыста электр желілері шамамен 18 000 км. Өңірде 4 ірі электрмен жабдықтаушы ұйым жұмыс істейді. Олардың тарифтері ұлғайтылды. Бұл компанияларға электр желілерінің тозуын азайту және жаңарту бойынша барынша қарқынды жұмыс істеу міндеттері қойылды, - дейді облыс әкімі.

Өңір басшысы ең проблемалы ұйымдар мен аудандарға да тоқталды.

 - Қарағанды өңірлік электр компаниясының жұмысы үлкен алаңдаушылық туғызды. Ол Теміртау қаласында орналасқан. Компания негізінен біздің үш ауданымызда жұмыс істейді: Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Бұқар жырау ауданының бір бөлігі. Біз олармен үнемі байланыстамыз, бақылауда ұстап отырамыз. Аталған мекеменің жұмысына Қарқаралы ауданына сапарым кезінде көптеген шағым түсті. Жағдайдың ушыққаны сонша, тіпті Қарағайлыда электрик маманы болмаған, - дейді Ермағанбет Бөлекпаев.

Электриктер тапшылығының басты себебі – жалақының төмендігінде. Осы мәселені ескере отырып, бұл сала қызметкерлерінің жалақысын айтарлықтай көтеру туралы шешім қабылданған. Электр қуатымен қамтамасыз ету саласында сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықтау да жетілдіріле бастады. Өңір басшысының айтуынша, қазір оң динамика байқалады. Бірақ әлі де проблемалық кәсіпорындар бар.

 - Бізде «Шет Энерго» кәсіпорны әлі де негізгі проблемалық мәселе болып қалып отыр. Аты шулы компания. Ол соңғы 20 жылда электр желілерін жаңартуға мүлдем қаржы салмаған. Бұл тұрғыда көптеген сот процесі жүріп жатыр. Айыппұлдар да, өтемдік тарифтері де болды. Қазір монополияға қарсы комитет пен энергетика қадағалау департаменті мәселемен айналысып жатыр. Бұл компанияға Шет ауданы мен Ақтоғай ауданының шамалы бөлігі қарасты. Олардың ісімен әрі қарай айналысамыз, - деді Қарағанды облысының әкімі.

Айта кетсек, қыркүйектің соңында Қарағанды қаласы толықтай жарықсыз қалған. Кеншілер шаһарында электр қуатының өшуіне ЖЭО-3-те технологиялық ақау себеп болған.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін жаңа газ құбыры салынады