Алғашқы нысан – Түрксіб ауданы, «Жас қанат» ықшамауданындағы тұрғын үйлердің құрылысы
Алматылықтардың өмір сапасын арттыруда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту керек. Елбасының тапсырмасымен құрылған «Құтты мекен» ұлттық жобасы арқылы қаламызда әлеуметтік маңызы бар 60-тан астам нысан партия бақылауына алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының өкілдері, мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттарының назарына ілінген алғашқы нысан – Түрксіб ауданы, «Жас қанат» ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің құрылысы. Мердігер компания құрылысты аяқтамай созбақтап жүруінің кесірінен пәтерлер мерзімінде берілмей қалуы мүмкін.
«Бірінші кемшілік – пайдалануға беру уақытының ескерілмеуі, екінші мәселе – техникалық ережелердің бұзылуы. Техникалық бақылау мен құрылыс басқармасының өкілдері бұл жағдайдан хабардар. Сол себепті құрылыс барысы қатаң қадағалауға алынады», – деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан МҰХАМЕД-РАХИМОВ.
Уақытынан кешіккеннен бөлек, қауіпсіздік мәселесі де ақсап тұр. Осыған байланысты тексеріспен келгендер тиісті орынға мәлімдейтінін жеткізді.
Мердігер компания барлық жұмысты 27 қыркүйекке дейін бітіреміз деп ант су ішті. Алайда тексеріспен барғандар бұл уәдеге күмәнмен қарайды. Маңайдағы жеке секторда тұратын халық та жүйткіген жүк көліктері мен олар жүргенде көтерілетін шаңнан көз ашпаймыз деп базынасын жеткізді.
«Немере, шөберелерім бар. Есіктен жүгіріп шыққанда, кірпіш, ауыр жүк артқан МАЗ, КАМАЗ көліктері қағып кете ме деп жүрегіміз ұшып отырады», – деді тұрғындар.
Партиялық бақылаушылардың келесі нүктесі – Алатау ауданындағы балабақшаға. Тамыз айының аяғында берілуі тиіс бөбекжай салынып біткенімен, инженерлік желі әлі қосылмаған.
Екінші рет жасалған келісім-шарт бойынша «Алғабастағы» балабақша 25 тамызда алғашқы бүлдіршіндерін қабылдауы тиіс. Алайда бір мәселе бар.
«Бүгінде негізгі проблема – кәріз жүйесі, су мен жарық мәселесі. «Құтты мекен» бағдарламасы екі басқарманың басшысын жинап, мәселені шешуге тиіс», – деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ерболат ҚАСЫМОВ.
Ал Жетісу ауданындағы Құрылысшы ауылы аталып кеткен шағынауданда жол мәселесі екі жылдан бері шешілмей келеді. Кәріз жүйесі тартылғанымен, жол төселмеген. Тұрғындар «шаң жұтқанымыз былай тұрсын, далаға шығудан қалдық» деп отыр.
«Құтты мекен» ұлттық жобасының арқасында партиялық бақылауға Алматыдағы 60-тан астам нысан алынған. Бекітілген мәслихат депутаттары құрылыс барысын қадағалап, кедергілер туындай қалса, жауапты орынға жолдайды.
Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы