«Шұғыла» ықшамауданына газ берілді

02.08.2019 23:12

Бір айда шаңы шыққан аулалар абаттандырылып, 14 үйге газ берілген

Сондай-ақ кешендегі тозығы жеткен аулалар абаттандырылып, балалар ойын алаңы жасалды. Атқарылған жұмыстардың сапасына бүгін Бақытжан Сағынтаев бағасын берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қазір сізге әдемі жерді көрсетіп жатыр.  Ал, бізде адам жүре алмайтын жерлер бар, балалар қиыршық тас үстінде ойнап жатыр», – дейді тұрғындар әкімге.

Бір ай бұрын шұғылалық тұрғандар Алматы әкіміне осылай жанайқайын жеткізіп, көмек сұраған еді. Мұндағы мұқым ел Бақытжан Сағынтаевқа күйреген аулаларын көрсетіп, балаларын ойнататын орын таппай қиналғанын айтқан. Әрі талайдан бері көгілдір отынға қосыла алмай, әбден әбігерге түскенін тілге тиек етті. Халықтың қордаланған мәселелелерін мұқият тыңдаған шаһар басшысы бірден тапсырма беріп, бір ай ішінде олқылықтарды реттеуді міндеттеген. Сағынтаевтың сынынан соң, «Шұғыла» ықшамауданы адам танымастай өзгеріпті. 30 күнде шаңы шыққан аулалар абаттандырылып, 14 үйге газ берілген.  

«Бір айдың ішінде барлығы реттелді: балалар ойнайтын жер жасақталып, газ, су қосты». Өте ризамыз», – деді тұрғын.

«Газ келіп, жақсы болып қалдық қой, барлығын пісіріп», – дейді келесі бір тұрғын.

«Газ қосылғанына 2-3 күн болды. Өзгерістер өте көп.  Өркениет орнап, қуанып жатырмыз», – дейді тұрғындар.  

Ықшамауданда жасалынған жұмыстардың сапасын бүгін Алматы әкімі арнайы барып тексерді. Ауладағы тозығы жеткен жолдар жөнделіп, бордюрлер ауыстырылған. Футбол және балалар ойнайтын кешенді алаң да жасалыпты. Қазір еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін алысқа ұзамай-ақ уақыттарын осында өткізеді. Алдағы уақытта әр үйдің алдына орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылмақ. Ал күзде маңайға жасыл желек егу жоспарлануда.

«Күннің ыстығы басылсын, сосын үстіне көк шөп егеміз. Талды қазір отырғызуға болмайды, күйіп кетеді. Күзде отырғызамыз. Оған өздеріңіз атсалысыңыздар. Берілген дүниеге жақсылап қараңыздар, жасыл желекті суарыңыздар. Балаларыңызға «қиратпаңдар, сындырмаңдар, бұзбаңдар» деп айтыңыздар. Жасалынған дүниені ұқыпты қарау керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Жиылған жұрт әкімге әлі де шешімін таппай тұрған біраз мәселенің шетін шығарды. Бірі қоқыс жәшігінің тым алыстығын айтса, енді бірі жертөлеге жиналатын судан мезі болғанын жеткізді. Ал үйлері жол жиегіне жақын тұратын жұрт, балалардың қауіпсіздігі үшін көшеге жасанды бөгет қойып беруін сұрады.

Бақытжан Сағынтаев тұрғындардың мәселелерін тамыздың соңына дейін жүйелі түрде, заң аясында шешуді аудан басшысына тапсырды. Жалпы «Шұғыла» ықшамауданында 41 үй тұрғызылған. Олардың 16-сы енді қолданысқа беріледі. Жауаптылар алдағы күндері тағы 5 үйдің ауласын аббаттандыруға кіріспекші.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы