Зиялы қауым өкілдері халықты Наурыз мерекесімен құттықтады

22.03.2021 в 22:46

Шаңырағымыз шаттыққа толы болсын, дастарханымыз тек жақсылыққа жайылсын

Ұлы мейрамда зиялы қауым өкілдері барша жұртқа ақжарма лебізін айтты. Олар Әз-Наурызбен құттықтап, елге амандық, әр шаңыраққа береке-бірлік тіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Одан бөлек, бұл мейрамның ерекшелігіне тоқталып, ырымдарды ескеру керектігін еске салды.

«Құрметті қазақстандықтар, алматылықтар! Келіп жатқан әз Наурыз мейрамымен сіздерді құттықтаймын! Жаңа жыл жаңа табыс әкелсін! Ақ мол болсын, халқымыз бақытты болсын», – деді КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов.

«Наурыз мерекесі құтты болсын! Осы уақытта жақсылық көбейіп, ақ мол болады. Сондықтан ниетімізді дұрыстап, мерекеде жасалатын барлық игі шараларды жасаған абзал. Осынау көктем мейрамының арқасында алыстағы жақынымызға хабарласып, құттықтап мәре-сәре болып қаламыз. Баршаңызға Ұлыстың ұлы күні құтты болсын»,  – деді қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.

«Келіп жеткен Наурыз мерекесі әр отбасына береке-бірлік, тыныштық, ырыс әкелсін! Осы бір қиын-қыстау кезеңде халқымызға сабырлық берсін», – деді ҚР Еңбек Сіңірген Қайраткері Болат Әбділманов.

«Шаңырағымыз шаттыққа толы болсын, дастарханымыз тек жақсылыққа жайылсын! Наурыз құтты болсын», – деді әнші Тамара Асар.