Таразда 130 жылдық тарихы бар «Мамыр» саябағы нашақорлардың мекеніне айналған. Себебі саябақты қоқыс басып, бірнеше жылдан бері қараусыз қалған. Күтіп бапталмаған соң, қалалықтар да баруды қойған. Онымен қоса, қала кіреберісіндегі талдар да қурап, жол жиегін жабайы күйге енгізген. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает толығырақ тарқатады.
Бір ғасырдан бері Тараз тұрғындарының тынығар орны болған «Мамыр» саябағының жағдайы мәз емес. Мұнда қазір белуардан шөп басып, қоқыс қаптаған. Жалпы аумағы ат шаптырым болатын 15 гектарлық демалыс орны бүгінде қаңғыбастар мен нашақорларға таптырмас тынығар жер болып отыр.
«Шөптері күйіп кеткен. Мүлде суарылмайды. Мұнда теріс жүрісті жастар мен нашақорлар жиі жүреді. Үйсіздер де қонуға келеді», – деді қала тұрғыны Кирилл Бердецкий.
Тынығу орталығының қазіргі сиқы жабайы орманға ұқсап кеткен. Қараусыз қалғаны соншалық, кей жұрт талдарды да кесіп әкете бастаған. Ал бұл қалаға кірер батыс бөліктегі жол жағасы. Шаһар қақпасы мен әуежай маңы жолындағы ағаштар қурап тұр. Жұрт жол жағасының 5 жылдан бері суарылмағанын айтады.
«Әуежай түбімізде, қалаға шетелден қонақтер келеді, көрінісі мынау көріп тұрсыңдар ғой. Су бермеген», – деді қала тұрғыны Қасым Сейдуәлиев.
Қалалық жауапты мекеме жол маңындағы талдар қартайғаннан қурағанын айтады. Ал саябақтарды жоспар бойынша күтіп-баптап жүрміз деп сендірді.
«Жұмыстар жүріп жатыр. Өткенде каналдарды жөндеген, сол кезде кішкене су болмай қалды. Қурап, зиянкестердің кесірінен ағаштар ішінде ұлпасы бар, солар зақымданып жатыр», – деді қалалық әкімдік «Жасыл ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Айдын Кемелбеков.
Қазір жол жиегіндегі желектердің 70 пайызы жоқ. Себебі мекеме қураған ағаштарды кесіп тастаған. Салдарынан автожолдың қос қапталы үңірейіп тұр. Жергілікті билік олардың орнына күзді күні тал-дарақтар егіледі деп сендірді.
Мерей Бает «Алматы» телеарнасы, Тараз қаласынан