Колонияда жазасын өтеп жатқан келіншектер арасында сұлулық байқауы ұйымдастырылды. Онда бақ сынаған 8 үміткер сән үлгісін көрсетіп, би биледі. Жеңіс тұғырына шығу үшін бар өнерлерін ортаға салды. Ал, байқау тәжі 31 жастағы жазасын өтеуші әйелге бұйырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жауғашты түрмесіндегі қыз-келіншектер үшін бұл күн құдды мерекедей болды. Түрме киімін сәнді көйлектерге ауыстырған қыз-келіншектер бір сәтке болса да қиындықты ұмытқандай.
Байқауға қатысушылардың қатарында 43 жастағы Кенжегүл де бар. Мекемеде бір жылдан бері тәртібін түзеп жүрген әйел мұндай шараның сотталушылар үшін маңызды екенін айтады.
«Жасым 43-ке келіп осындай байқауға бірінші рет қатысып тұрмын. Өзімді ханшайымдай сезінемін. Қазір істеп жатқан жұмысымыз жоқ. Осының барлығы бізге алданыш. Киім тігуге, ән салып, би билеуге әзірлену барысында кәдімгідей көңіліміз серпіліп қалды. Отбасымызға да қоңырау шалып, осындай қуанышымызбен бөлістік», – дейді байқауға қатысушы Кенжегүл НАЗАРБАЕВА.
Сұлулық байқауы бірнеше кезеңге бөлінді. Қатысушылар әуелі үш түрлі би билеп, қызықты және танымдық сауалдарға жауап берді. Содан соң подиумда өз қолымен тіккен көйлектерін паш етіп, ханшайымдай жүріп өтті. Ал, сайыстың басты шарты – бойдағы нәзіктік пен әйел затына тән қасиеттерді көрсете білу.
«Әр қатысушыны марапаттаймыз. Бостандықтағы қалыпты қыз-келіншектер үшін бұл соншалық маңызды нәрсе емес шығар, бірақ осындай қоғамдық іс-шараларға белсене қатысқаны мұндағы келіншектердің әрқайсысының жеке ісіне тіркеліп, кейін істері сотқа барған кезде прокурор, сот тарапынан осының барлығы ескеріледі», – деді ЛА-155/4 мекемесінің басшысы Думан РАХМАНОВ.
Мұндағы темірдей қатаң тәртіпке үйреніп кеткен байқауға қатысушыларға осының өзі бір мереке болды. Себебі олардың барлығына құнды сыйлықтар берілді. Ал, «Колония аруы-2019» тәжіне ие болған 31 жастағы Малика Қасымоваға шаңсорғыш пен косметикалар жиынтығы тарту етілді. Алаяқтық фактісі бойынша сотталған келіншектің бұл жерде жазасын өтеп жатқанына 3 жылға жуықтаған. Бостандыққа шығатын күні де алыс емес. Жастайынан жаза басып, оңбай қателескен ол енді «ешкімнің ала жібін аттамай, екі балама үлгілі ана боламын» дейді.
«Байқауда топ жарып, бірінші орын алғаныма сене алар емеспін. Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сайыс әделетті өтті деп айта аламын. Меніңше, жарысқа қатысқан қыздардың барлығы мықты, қай-қайсысы да жеңіске лайықты», – дейді бас жүлде иегері Малика ҚАСЫМОВА.
Үш сағатқа созылған сұлулық додасы қызықты да, тартысты өтті. Байқауға қазылық етуге түрме қызметкерлері емес, арнайы өнер адамдары шақырылған. Олар бірінен-бірі өткен сұлулардың ішінен оқ бойы озып шыққан дарасын анықтау оңайға соқпағанын айтады.
«Ең үздігін анықтау қиын болды. Себебі бұл жердегі қыз-келіншектер аздап ашуланшақтау екенін аңғардым. Біреуіне артықтау ұпай берсең, шулап кетеді. Үй ішін, бала-шағасын, отбасын сағынған ғой деп, ол қылықтарын түсінуге тырыстық. Мұнда қыздардың көбі шоу жасауға тырысты, керемет, халықты күлдірді, биледі. Бірақ, біз олардың шоуына емес, нәзіктігіне, пластикасына қарадық», – дейді әділ қазылар алқасының мүшесі Ерболат ТӨЛЕГЕН.
Жарыстың аты жарыс болғандықтан, жеңіс пен жеңіліс сыңар жүреді. Мұндай байқауда қысылмай өнер көрсетудің өзі – батылдық.
Айта кету керек, Жауғашты колониясында бүгінде кісі өлтіру, есірткі тасымалдау және алаяқтық фактілері бойынша 434 әйел жазасын өтеп жатыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы.