Жаяу жүргіншінің өміріне төнетін қауіпті азайтады: жоба қолдау таба ма

 Almaty.tv
Almaty.tv
Мегаполисте өткен жылы 3 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық кәсіпкерлер инновациялық жаяу жүргіншілер өткелінің жобасын әзірледі. Жасыл технологияларды қолданатын жүйе жолдағы өлім-жітім санын азайтып, жүргіншілердің өміріне төнетін қауіпті азайтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлихан Рахымбеков осыдан 20 жыл бұрын жаяу жүргіншілер өткелінде өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Байқаусызда адам өліміне себепкер болған ол жазасын өтеп болысымен мәселені шешу үшін жүргіншілер өткелінде өзгерістер енгізу керек екенін түсінген. Жоба авторы «жүргізушілер қолайсыз ауа райы жағдайында жолақты көрмей қалып, қайғылы жағдайға кезігеді» дейді. Сондықтан бұл мәселені қолға алуға кіріскен.

– Жаяу жүргіншілер өткелінің белгісін жоғары көтеру керек. Яғни екі баған тартамыз. Желкеннің әсері болмас үшін үстіне тор түрінде матаны созамыз. Көбінесе ауа райының қолайсыздығы немесе габаритті көліктердің кесірінен жаяу жүргіншілер белгісі көрінбей қалады. Ал бұл – жүргізуші үшін күтпеген жағдай. Ол жылдамдықты азайтып үлгермей қалады, – деді жоба авторы Әлихан Рахымбеков.

Жүргінші тетіктің әрекет ету аумағына енгенде дабыл жарығы жанып, түнгі уақыттың өзінде айнала күндізгідей жап-жарық болады. Жоба әзірге Рудный қаласында ғана іске қосылған. Ал басқа шаһарларда жүзеге асыру үшін нақты стандарттардың бекітілгені керек. Ал кәсіпкердің айтуынша, жобаны тезірек аяқтау үшін мемлекеттен қолдау және қомақты қаражат қажет. Себебі соңғы жылдың өзінде Қазақстанда 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген екен.

– Талдау көрсеткендей, әлі де жүргізушілердің нашар тәртібі жол апаттарының негізгі себебі болып отыр. Жол-көлік оқиғаларын талдау көрсеткендей, жылдамдық режимін бұзу жолдардағы жарақаттанудың негізгі қауіпті факторы болып қала береді. Осы жылдамдықты сақтамаудың нәтижесінде қарам-қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілерді соғу, аударылу оқиғалары жиі болады. Сондықтан жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауын бақылау бойынша тиімді шараларды барлық жерде енгізу қажет, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Таңат Асылжанов.

– Адамдарды қағып кету деректері көп болған жерлерде міндетті түрде жерүсті жаяу жүргіншілердің жолы соғылады. Бірақ кейбір азаматтар көшені кез келген жерде кесіп өтіп автокөліктің астына түсіп қалады, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жол апатының жоғары деңгейі Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл, облыстарында байқалады. Мегаполисте өткен жылы 3 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жоба авторлары қолдау танытатын азаматтар болса, елдегі жол-көлік оқиғаларының санын едәуір азайтуға мүмкіндік барына сенімді.

Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыдағы тағы бір бағытта жаңа автобустар жолға шықты

Новости партнеров