Малымыз тағы қырылатын болды: Жамбылдық шаруалар субсидия берілуін сұрайды

12.10.2021 22:47

Қуаңшылық зардабын тартқан жұрт облыс әкімдігінің алдына жиылды

Фото: Almaty.tv

Жамбылдық шаруалар қуаңшылықтың кесірінен төрт түлігіміз түгел қырылатын болды деп алаңдаулы. Оған себеп – қыстық жем-шөптің толыққанды жиылмауы. Облыс әкімдігінің алдына жиылған жұрт қуаңшылық зардабын тартқан өзге аймақтар секілді субсидия берсе дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Кәдірқұл Мышбаев – 30 жыл өмірін мал шаруашылығына арнаған азамат. Бүгінде 4 мың қой, 300 жылқы өсірген шаруа қуаңшылықтың кесірінен 30 пайыз төлінен айырылғанын айтады. Енді қалған түлігі қырылып қала ма деген қорқынышы бар. Бұдан бұрын жергілікті биліктен көмек сұраған екен.

«Шудың төңірегінен, 700 км қашықтан шөп дайында дейді. «Біз жер береміз» дейді. Сонда біз ол жақта қой бағамыз ба, әлде жем-шөп дайындаймыз ба? Ол жақтағы шөп бірнеше жыл өскен, сасыған қамыс. Қазір көрсеңіздер болады, диамерті 2 см қамыс. Оны мал жесе, өліп қалады», – дейді «Бейбітшілік» шаруа қожалығының басшысы Кәдірқұл Мышбаев.

Облыс әкімдігінің алдына жиылған 70-тен аса шаруаның уайымы бір. Егісі өнбей, малы қырылып, шығынымыз шаш етектен болды дегендер субсидиялай көмек күтуде.

«100 гектарға қызылша ексем, соның 10-15 гектары бар. Мысалы, біз 400-500 гектарға дейін арпа еккенбіз. Соның бәрі топырақ болды», – деді «Аққайнар» ШҚ басшысы Сұлукүл Дәлібаева.

«Жем-шөбімізге жәрдем берсін, субсидияны уақытында берсін. Уақтынан кешіктіріп бергеннен кейін, баға қымбаттап кететіндіктен, тағы шығынға ұшыраймыз. Осының бәрін ескеру керек қой. Бар ақшаны ертерек берсе, біз ертерек қамданып, тірлігімізді жасар едік», – дейді шаруа Қарасай Кәрімов.

Ал облыс әкімінің орынбасары облыс аумағында шөп қоры 100 пайыз жиналды дейді. Тек жемнің қоры әзірге 53 пайыз екен. Ал республикалық бюджетпен субсидиялау мәселесі қаралып жатыр деп сендірді. Оның өзінде арагідік қана.

«Азаматтар мал алған соң, жем-шөпті өздері дайындау керек. Бұл – ижекеменшік тірлік. Үкімет тарапынан 100 пайыз жем-шөп ешқашан шешіп бермейді. Субсидияның мақсаты – шығындардың бір бөлігін төлеп беру. Сондықтан бұл жерде біз тек бір бөлігін, яғни ережеде қалай көрсетілді, солай төлеп береміз», – дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов.

Дегенмен, бұл істің бұралаңы көп секілді. Себебі, бұған дейінгі жамбылдық шаруаларға субидияның берешегі 1 млрд 190 млн тг құрайды екен. Алдымен сол өтеледі. Содан кейін ғана қазіргі шығындар тіркелу арқылы есептелмек. Ал есептеу жұмыстары бюджет бүйірінен қаржы қаралмай, басталмақ емес.

Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан