360 үй мен 3 саяжай қарайтын ортақ алаң жекеге өткеніне 10 жыл болған
Алматының Бостандық ауданына қарасты аумақта шу шықты. «Қаншама жыл ортақ қолданыста болған 6 соттық жерді бұрынғы төраға заңсыз қоршап алды» деген тұрғындар істің ақ-қарасын ажыратуды сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азаматтардың арызы құлағына жеткен аудан әкімі де аталған орынға келді. Баяғыдан тұрғындар қоқысын тастап, ортақ мәселе шықса жинала қалатын аумақ негізі жекеменшік жер екен. Оның өзін азаматтар енді ғана біліп отыр. 360 үй мен 3 саяжай қарайтын алаңның кейін анықталғандай, жекеге өткеніне 10 жыл болыпты. Көпшілік бұрынғы пәтер иелері кооперативінің жетекшісі бұл жерді заңсыз алды деп есептейді.
«Бұрын еркін өтіп жүргенбіз. Енді қоршап қойыпты. Жер олардың меншігіне айналған. Заңды-заңсыз екенін әділетті органдар тексеруі тиіс қой», – деді қала тұрғыны Мұңлық Берсүгірова.
Даулы аумақ қоқыс алаңынан бөлек, зиратқа апарар жолды да қамтып жатыр. «Егер жер жекеменшікке өтсе, жерленген ата-баба басына бара алмай қаламыз» дейді наразы жұрт.
«Мына жерден зиратқа жол болған. Енді зиратқа өте алмайды. Қазір бүкіл қаланы айналып, қай жерден қоқыс жәшігін табам, қоқысты сол жерге тасып жүрмін», – деді қала тұрғыны Асхат Сатыбалдин.
«10 жыл бұрын жер заңсыз тартып алынып, кейіннен жекеге өтіпті. Біз ол кезде бұл жайттан бейхабар болдық қой. Арада бірнеше жыл өткен соң анығын біліп отырмыз. Басқаны былай қойғанда, әке-шешеміздің басына бара алмай қалдық. Мәселенің мүмкіндігінше тез шешілгенін қалар едік», – деді қала тұрғыны Евгений Темірбеков.
Көпшілік заңсыз деген жер анығында, заңды болып шықты. Сот сондай шешім қабылдаған. Мақұл, ал ортақ қолданыстағы қоқыс алаңы не болады? Жауапты әкім берді.
«Мәселені жан-жақты анықтап, біз қоқыс алаңын тек тұрғын үй кешенінің жанынан сала алатынымызды білдік. Әрине, жер әкімдікке қарайды. Қазір тиісті органдар қажет жұмысты атқарып жатыр. Егер нәтиже оң шықса, жұмысты жақын арада аяқтаймыз», – деді Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов
Қоқыс алаңы біржақты болғанымен, зиратқа апарар жолдың жайын әлі жер инспекциясы қарастырады. Аудан әкімі егер қоршалған аумақ расында заңға сай болса, онда бітімгерлік арқылы белгілі бір жерден жол салуға рұқсат сұрайтынын айтады.
Мадина Оқас, Дамир Анитов, Рашиддин Якупов, «Алматы» теларнасы