Шетелге кетудің негізгі себептері неде

14.04.2023 19:44

2 айда Қазақстаннан сыртқа 2 мыңға жуық отандасымыз қоныс аударған

5ol.ru

Биыл алғашқы 2 айда Қазақстаннан сыртқа 2 мыңға жуық отандасымыз қоныс аударған. Олардың дені екі қолға бір күрек іздеп Ресей, Германия, Польшаға кеткен. Бірі – жалақысы жақсы жұмыс іздесе, енді бірі тұрақтап қалуды мақсат еткендер. Мұндай ресми деректі Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оралдың тумасы Ләйла – отанынан жырақ кеткендердің бірі. Дубайға қоныс аударғанына жарты жылдан асыпты. Қазақстанда фитнес жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Кейін тәжірбиесін шетелде шыңдап көруді жөн санапты.

«Неліктен Дубайды таңдадым? Мұнда барлық жағдай жасалған. Не қалайсыз бәрі бар әрі қолжетімді. Табысты да көбірек табасың. Түрлі ортада жұмыс істеп, тәжірибе жинайсың дер едім. Әрине, мен өз елімді жақсы көремін және мүмкіндігінше жиі барып тұрамын. Қазір отбасым Қазақстанда. Бірақ өзіме осы жақ ұнайды», – деді Қазақстан азаматы Ләйлә Әли (БАӘ).  

Ал қазақстандық журналист Нұрсұлтан Мұсабеков өзге елге жалақыға бола кетіпті. Ол қазір жұбайымен Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүр. Ойындағы қызметке орналысып, жоғары табыс көзін таба білді. Тәулігіне 40-50 мың теңге алады. Оның айтуынша, бір күндік айлығы бір апталық азық-түлікке жетеді.

«Біздің елмен салыстырғанда мүмкіндік көп. Тұрақты жұмысың болмаса да, бір күндік жұмыс істей аласың және табысы жоғары. Ақыңызды айлап күтпейсіз. Бірден төленеді. Мен өзім машина зауытында жұмыс істеймін. Ол жердегі табысым өте жақсы», – деді Қазақстан азаматы Ерсұлтан Мұсабеков  (Оңтүстік Корея).

Шетел шекарасын асатындардың көбі жастар екен. Тіл білетін болған соң,олар елдегі жалақыны қанағат тұтпайды. «Ал бұлай жалғаса берсе, елден кетудің кері әсері көп» дейді мәжілісмен Асхат Аймағамбетов. Депутат бұл жағдайдың бірнеше себебін атады. Біріншіден, күнкөріс, табыс мәселесі болса, екіншіден, еліктеушілік. 

«Бізде сұраныстағы мамандарды қалыптастыру үшін мемлекет көп күш жұмсайтыны белгілі. Мұғалім, дәрігерлерге қазір барлық жағдай жасалып жатыр. Сұраныстағы кадр ел экономикасына, оның өсуіне өз көмегін тигізеді. Ал тап осы мамандық иелері шетелге кететін болса, бұл – үлкен шығын. Қазақстандықтардың өзге мемлекеттерге көшуге бейім болуын жан-жақты саралау керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Ресми дерекке сүйенсек, биыл 2 айда елден 2 мыңға жуық отандасымыз сыртқа кетіпті. Олардың басым бөлігі Ресейге, ал 20 пайыздан астамы Германияға қоныс аударыпты. Қалған қазақстандықтар Польша, АҚШ, Өзбекстан және Беларусь еліне табан тіреген.

«Ел азаматтары тұрақты тұру үшін бірінші Ресейді таңдайды. Онда шетелге кеткендердің  62 пайызы тұрады. Германияға 21 пайыз жерлесіміз қоныс аударды» – деді Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Бибігүл Мирасбек.

Жыл сайын елден кеткен азаматтардың саны артып барады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы 24 мыңға жуық адам шет мемлекетке тұрақты тұруға көшіпті. Ал 2 жыл бұрын республиканы 32 мың отандасымыз тастап кеткен.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы