Алматыда көктем келісімен гүлзарлар көптеп жасалмақ. Мегаполиске көздің жауын алатын өсімдіктердің 33 түрі егіледі. Қала әкімдігі биыл алғаш рет қаланы абаттандырумен айналысатын мердігер компаниялармен мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында келісімшартқа отырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл Алматыға шырайгүл, барқытшөп, ирезине, сальвия сынды гүлдер көптеп егілмек. Өсімдіктің түрі көп болған сайын әсем ою-өрнектер жасау оңай болады дейді бағбандар. Жалпы, биыл шаһардағы гүлзарлар аумағы өткен жылға қарағанда екі есеге артады.
«Гүлзарлардың аумағы үлкейді. 2018 жылы Алматы қаласы бойынша 66 мың квадраттан артық болса шаршы метрден, биыл бізде 100 мың квадрат метрден астам гүлзарлар егіледі», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас ЖАНЫСПАЕВ.
Биыл қаланы абаттандырумен 6 мердігер компания айналыспақ. Олармен Жасыл экономика басқармасы алғаш рет Мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша 5 жылға келісімшартқа отырған. Мамандардың айтуынша, қаланы әсем өсімдіктермен көмкеруге дайындық жұмыстары басталып кеткен.
«Олар жұмыстарын желтоқсан айында бастап кетті. Өздерінің аумақтарында гүлдерді дайындап, гүл егетін жерлерді дайындап, гүл тұқымдарын егіп сәуір айына дайын болады гүлдердің көбісі. Наурыз айының жиырмасынан бастап қала аумағында ауа райы жақсы болса қажетті жерді дайындай бастаймыз», – деді Олжас ЖАНЫСПАЕВ.
Ал синтоптиктер мегаполисте наурыз айының екінші жартысынан бастап күн жылынып, көктем келеді дейді. Сәуір айында өрік пен алма ағаштарының гүлдеуіне ауа райы қолайлы болмақ.
«Қазір мегаполистегі температура біраз көтеріліп, + 6-7 градусқа дейін жетіп тұр. Ақпан айының соңына дейін жауын-шашын болмайды деп болжап отырмыз. Шамамен, 3-4-наурызда қар жаууы мүмкін. Наурыз айының алғашқы он күнінде температура төмендеуі ықтимал. Ал айдың екінші жартысынан бастап күн жылынып, жер көктеп, көктем келеді деп айтуға әбден болады», – деді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы Светлана АМАНҚҰЛОВА.
Гүлзарлар әл-Фараби, Достық, Назарбаев даңғылдары мен алматылықтардың ең сүйікті орындарында көбейеді. Сондай-ақ, биыл қаламызға егілетін гүлдердің ассортименті де көбейген. Мәселен, өткен жылы өсімдіктердің 15 шақты түрі отырғызылса, биыл әсем гүлдердің 33 түрі егілмек.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Нұржан Оразбеков, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы