Алматыда «Jastar Skills – 2020» жобасы аясында студент аспаздардың байқауы өтті

30.10.2020 22:48

Қатысушылар шағын чемпионатта сиыр етінен тағам дайындады

Алматыда «Jastar Skills – 2020» жобасы аясында студент аспаздардың байқауы өтті. Бұл сайыс жастар арасындағы кәсіптік-техникалық мамандықтарды дамытуға арналған. Чемпионат әлемдік World Skills байқауының үздік тәжірибелерін қолдана отырып ұйымдастырылды. Жас аспаздар қандай тағам дайындады? Үздіктерге тағайындалған жүлде қоры қандай? Толығырақ Almaty.tv тілшісі  Сымбат Ноғай тарқатсын.

«Jastar skills»  чемпионаты шаһарымызда биыл алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Жарыстың ақтық сынына қала бойынша 36 үздік студент өткен. Осыған дейін Дәнекерлеу ісі және темір жону кәсіптері бойынша байқаулар өтсе, бүгінгі кезек аспаздарға жетті.

Қатысушылар  шағын чемпионатта сиыр етінен тағам дайындады. Оларға қойылатын басты талап асүйдегі қауіпсіздік ережелерін сақтау. Байқау соңында сарапшылар бекітілген стандарттар бойынша ең үздік аспазды таңдайды.

Байқау қатысушыларына арнайы құрылған комиссия шешімімен 10 түрлі талап қойылған. Сарапшылар жеңімпазды таңдау кезінде аспаздардың киіміне, асүйдегі орнының тазалығына, сондай-ақ ыдыс-аяқ тың дұрыс пайдаланылуына назар аударады. Одан өзге тағамның дәмі және ондағы күйген қабаттың болмауы да өте маңызды.

«Біздің бағалау критериіміз WorldSkills жарыстарына сай өтіп жатыр. Сол WorldSkills чемпионатына байланысты JastarSkills-қа бір модульды алған болатынбыз. Негізгі талап бұл жерде – техника қауіпсіздігі. Ең бастысы – біздің студенттеріміздің қауіпсіздігі және санитарлық нормалар бойынша және ыстық және аспалы түрде өткен тамақтарды дайындау», – деді бас сарапшы Нұрбосын Әкежанов.

Байқау барысында карантин талаптары да назардан тыс қалмады. Қатысушылардың саны әу баста жоспарланғаннан әлдеқайда аз. Бары 6 аспаз. Сайыс кезінде асүйде бетперде режимі сақталып, қатысушылардың барлығы қолғапта тағам дайындады.

«Қазіргі таңда 30-ы күні «аспаз ісі» бойынша өткізіп жатырмыз чемпионатты. Бізді, көріп тұрғандарыңыздай, 6 финалист. Бірінші тур бізде онлайн болғандықтан, осы финалға 6 қатысушы шығып отыр. Қазір бізге берілген мұның уақыты жоқ. Біз тек қана WorldSkills-тың стандарты бойынша бір ақ модульды алдық қазір карантин болғандықтан», – деді жастар ресурстық орталығының бас маманы Жанар Арнаева.

Байқауда талантты жас аспаз Нариман Узуров жеңіске жетті. Жеңімпазға мультиварка құралы сыйға тартылды. 3 қарашаға дейін жалғасатын байқаудың келесі бөлімдерінде шаштараздар мен киім дизайнерлері бақ сынайды.

Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы