Атырауда мүмкіндігі шектеулі балаларға берілетін көмек мардымсыз – аналар шағым айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкімдік алдында 4 сағат күткен олардың алдына облыс әкімі емес, оның орынбасары шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 40 шақты ана мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекке қатысты шағым айтты. Облыс әкімдігінің алдына жиналғандар жәрдемақы көлемін ұлғайтуды әрі шипажай мен баспана кезегін жылжытуды талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мүгедек жан асырап отырған 40-қа жуық ана ала таңмен облыс әкімдігінің алдына жиналды. Олар балаларына берілетін әлеуметтік көмекке қатысты шағым айтты. Ерекше бала күтімімен отырғандарға тиесілі тегін жол ақысы қарастырылмаған, ортопедиялық аяқ киім өлшемі үлкен әрі сапасыз. Көпшілік шипажайға берілетін көмекті де жарытпайтынына наразы.

– Неге біздің балаларға жағдай жасамайды?! Ортопедиялық аяқ киімнің мәселесін көтеріп келе жатқаныма қанша жыл болды? Сапасыз, нашар, өлшемі дұрыс келмейді. Неге баламыз жалаң аяқ жүруі керек? Санаторийді де алып тастады. Инватакси тек бір рет апарады, – дейді қала тұрғыны Гүлжан Құсайынова.

– Жылына берілетін көмекті аналардың кіріс есебіне қатысты анықтама сұрамай-ақ берсе дейміз. Себебі тек бір зейнетақымен күн көріп отырған соң, ол ақша жетпейді. «Жалақыңнан 60-70 теңге асып кетті» деп көмек бермейді. Тиісті көмекті қаншама ана ала алмай отыр, – дейді тағы бір қала тұрғыны Жанна Амантай.

Жиналғандарды жылжымайтын баспана кезегі де алаңдатып отыр. Олар «Бақытты отбасы» бағдарламасының шапағатын әлі күнге дейін көре алмай келеміз» деп наразылық білдірді.

– Пәтер жалдап келе жатқаныма 10 жыл болды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы шықты. Бізді негізгі тізімге енгізген, бірақ әлі үй жоқ. Тек алты отбасыға берді, қалғаны әлі алмады. Талабымызды орындасын, әйтпесе Президентке дейін барамыз, – дейді қала тұрғыны Назерке Досқалиева.

Әлеуметтік салаға жауапты шенділердің құрғақ уәдесінен шаршаған аналар облыс әкіміне арнайы келді. Алайда әкімдік алдында 4 сағат күткен олардың алдына облыс әкімі емес, оның орынбасары шықты.

– Өңірлік деңгейде шешілетін мәселелер бар. Олар өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешімін табуда. Ал баспанамен қамту, әлеуметтік порталға өзгеріс енгізу мәселелері бойынша ұсыныс енгіземіз. Бүгін өтінішін айтып келген тұрғындарды облыс әкімі 2 маусымда жеке қабылдайды, – деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев

Әкімдік өкілі өтініш айтып келгендерді жуырда облыс басшысының өзі жеке қабылдайды деп сендірді. Ал күте-күте тағаттары таусылған аналар жергілікті биліктен қайыр болмаған соң, Мемлекет басшысына бейнеүндеу жолдады.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Новости партнеров