14 маусым күні Түрксіб ауданындағы дүкендердің біріне қарақшылық шабуылды
«Ойланып тұруға уақыт болмады... Бар ойым сатушылардың өмірін арашалап қалу болды». Бұл – қарулы қарақшымен бетпе-бет кездескен алматылық полицейдің сөзі. Аға лейтенант өткен аптада дүкенге шабуыл жасаған күдіктіні қолға түсірген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
14 маусым күні кешкі сағат 20.00 шамасында Түрксіб ауданындағы дүкендердің біріне қарақшылық шабуыл жасалған болатын. Белгісіз азамат кассирге суық қару кезеп, бар ақшаны беруін талап етеді. Сол кезде ішіндегі сатып алушы азаматша қарсы беттегі дүкенге адамдарды көмекке шақыруға кіреді. Абырой болғанда, сол маңда полиция аға лейтенанты Елмұрат Омар жүрген болатын.
«Мен ол кезде қарама-қарсы дүкеннің ішінде едім, кенет бейтаныс қыз ішке жүгіріп кірді де, көмек сұрады. Қарасақ, бір ер кісі кассаның арғы жағында ақша алып жатыр екен. Қолындағы пышағы бірден көзге түскен жоқ», – дейді полиция қызметкері.
Ары қарайғы оқиғаны бейнебақылау камерасынан көруге болады. Елмұрат Омар бірден күдіктінің қолындағы суық қаруды алуға ұмтылады. Дүкен ішінде тур кинодағыдай полицей мен қарақшының арпалысы басталады. Соңында Елмұрат күрес әдісін қолданып, қарсыласының қолынан пышақты жұлып алады. Сол кезде сатушылар 102-ге хабарласып, потрульдік полиция қарақшының қолына кісен салып, бөлімшеге алып кетеді.
«Полиция қызметкеріне көп рахмет. Көмекке шақырған қызға да рахмет. Біз солардың арқасында аман-сау қалдық. Кім білсін, егер олар болмағанда бүгін мен осында тұрар ма едім», – деді сатушы Меруерт ОМАРОВА.
Тәртіп сақшысының айтуынша, болған оқиға көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткен. Қолындағы суық қаруды көргенде ойланып тұра алмадым дейді. Оның бар ойы, сатушылардың өмірін құтқарып, күдіктінің қолына кісен салу болса керек.
Қазір аға лейтенантының жасаған ерлігі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, азаматтар полиция қызметкерінің бұл ісін батырлыққа теңеуде. Алайда, Елмұрат Омар өзін ешқандай да батырға санамайды.
«Менің ойымша, мұны ешқандай батырлыққа санаудың қажеті жоқ. Менің әріптестерім бұдан да ауыр қылмыстармен күресіп жатыр. Олардың жанында менікі болмашы ғана іс болып табылады», дейді Алматы қаласы Түрксіб ауданы Полиция басқармасының аға лейтенанты Елмұрат ОМАР.
Өмір Әнуарбек, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы