|
24.12.2019 | 17:48
3005

Бостандық ауданында көпбалалы отбасыларға арналған шырша мерекесі өтті

Шыршаға 200-ден астам бала қатысты

Бостандық ауданында көпбалалы отбасыларға арналған шырша мерекесі өтті

«Бақытты отбасы» орталығы ұйымдастырған шараға көпбалалы жанұялар, жалғызбасты аналар, көмекке мұқтаж жандар қатысты,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

3 баланың анасы Нұрбота Әлиева - «Бақытты отбасы» орталығынан қолдау тапқан жандардың бірі. Бүгінде мұқтаж жандарға көмек көрсететін мұндай мекемелердің барына риза аналар жаңа жылдық мерекені ұйымдастыруға атсалысып, ерікті атанды. Олар түрлі ертегі кейіпкерлерінің киімін киіп, балалардың көңілін көтерді. Бүлдіршіндер Аяз атаға тақпақ айтып, түрлі сыйлықтарға ие болды.

«Осы Жаңа жылда «Бақытты отбасы» орталығының шыршасына келдік. Өте қуаныштымыз. Балалар керемет көңіл-күйде. Көп-көп рахмет. Өте күшті әсерде өтті. Балалар да қуанышты. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!», - деді көпбалалы ана Нұрбота ӘЛИЕВА.

Шыршаға 200-ден астам бала қатысқан. Олар ойын ойнап, түрлі байқау сынынан өтіп, сертификаттармен марапатталды. «Бақытты отбасы» орталығының қызметкерлерінің айтуынша, шараға көпбалалы жанұялардан бөлек, басқа да қонақтар келді.

«Біздің орталық  200 баланы қамтып отыр, сондай-ақ оларға сыйлықтарымыз да бар. Шырша мерекесіне тек көпбалалы отбасының балалары ғана емес, жалғызбасты аналар, отбасында мүгедек баласы барлар да қатыса алады», - деді «Бақытты Отбасы» орталығының үйлестірушісі Жанар НҰРАЙДАРОВА.

Айта кетсек, аталмыш орталық аналарға қажетті мамандықты игеруге, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік береді. Аналар тігін, шаштараз, компьютер курстарына қатыса алады. Ал балаларға ағылшын тілі, ментальді арифметика секілді курстар қарастырылған. Іс-шара 27 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сая Меңдеке, Наргиза Аршидин, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир