Әр кандидатты қолдау үшін 118 мың 273 сайлаушының қолы жиналуы тиіс
Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну ертеңнен басталып, 11қазанға дейін жалғасады. Орталық сайлау комиссиясы бүгін арнайы жиын өткізіп, сайлау науқанындағы ережелерді бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бюллетеньде үміткерлермен қатар, «бәріне қарсымын» деген нұсқаның болатыны белгілі болды. Сондай-ақ әр кандидатты қолдау үшін 118 мың 273 сайлаушының қолы жиналуы тиіс.
Президенттікке кандидаттарды тіркеу үшін мына құжаттар қажет:
Осы талаптарды орындап, тіркелгеннен кейін үгіт-насихат жұмыстары басталады.
«Сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу жұмысы 21 қазан мен 18 қараша аралығында өтеді. Яғни, 28 күнге созылады. Үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18:00-де тоқтатылады. 19 қараша – тыныштық күні. Дауыс беру 20 қарашада өтеді», – деді ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.
Президенттікке үміткер азаматтар ертеңнен бастап өздерін кандидат ретінде жариялай бастайды. Ел басқаруға ниетті адам 3 миллион теңге сайлау жарнасын төлеуі қажет. Бұл ең төменгі 50 жалақы. Егер кандидат лауазымға сайланса немесе дауыс беруге қатысатындардың кемінде 5 пайыз дауысын жинаса, сайлау жарнасы қайтарылады. Биыл кезектен тыс президент сайлауында қазақстандықтар бюллетеньде «Бәріне қарсымын» деген тармақты таңдай алады. Яғни сайлаушылардың барлық кандидатқа қарсы дауыс беруіне мүмкіндік бар. Ал сайлаудың әділ өтуі үшін шетелден байқаушылар келеді деп жоспарланған.
«Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары ОСК мен СІМ ұсынысы бойынша аккредитациядан өтеді. Сыртқы істер министрлігінің жанынан халықаралық байқау мәселесі жөніндегі арнайы штаб ашылады», – деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.
Ал Қазақстанда дауыс беруге құқылы 11 миллионнан аса адам бар екен. Азамат дауыс бергісі келетін сайлау учаскесіне тіркелудің 2 жолы бар. Алғашқысы, дауыс беру күніне 30 күн қалғанда өтініш жазып, өзіне ыңғайлы сайлау учаскесін көрсетуі қажет. Екіншісі, дауыс беру күніне 20 күн қалғанда тізімдер сайлау учаскесіне беріледі. Бұл жағдайда азамат сайлау учаскесіне жеке өзі хабарласып, сол жерден бюллетень ала алады. Ал сайлау күні осы сырттай бюллетеньмен өзіне ыңғайлы жерде дауыс береді.
«Тек қана Қазақстан азаматы дауыс бере алады. Егер белгілі заңдағы көрсетілген процедуралармен бізідң азаматтыққа өтетін болса, әрине ол толыққанды Қазақстан республикасының азаматы болады», – деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.
Алдағы кезектен тыс президент сайлауын өткізуге 20 миллиард теңгеден аса қаражат қажет екен. Орталық сайлау комиссиясы науқанға жұмсалатын шығындардың сметасын Қаржы министрлігіне ұсынып қойыпты. Үкіметтен сұралып отырған ақша сондай-ақ, жарамсыз жәшіктерді ауыстыруға, бюлеттень әзірлеуге жұмсалады. Бұдан бөлек, Қазақстанның СІМ де 105 миллион теңгеге өтінім берген. Бұл сомаға олар шетелдердегі қазіргі есептеулер бойынша 69 сайлау учаскесіне бюллетеньдерді жеткізеді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан