«Отбасының цифрлық картасы» жобасы қашан іске асырылады

19.12.2022 22:49

Бастама биыл пилоттық режимде қолданылған

Almaty.tv

Келер жылдан бастап елімізде «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске асырыла бастайды. Бастама биыл пилоттық режимде қолданылған. Аз уақыттың ішінде 12 000-нан аса адамға 10 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліпті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ербол Оспановтың айтуынша, жоба отбасының әл-ауқатын автоматты түрде анықтауға, мемлекеттік кепілдіктерді белсенді түрде ұсынуға мүмкіндік береді. «Цифрлық картаны жасауда 5 бағыт негізге алынады» деді министрлік өкілі. Ол отбасының экономикалық және әлеуметтік жағдайы, денсаулық, білім және баспанамен қамтылуы. Соның негізінде отбасының портреті жасалып, қандай санатқа жататыны анықталады.

«Биыл жобаның оң нәтижесін көріп отырмыз. 2023-2024 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің қызметі кезең-кезеңімен осы форматқа ауыстырылмақ. Жалпы 2025 жылы халыққа, азаматтарға, отбасыға қатысты мемлекеттік қызметтерді осы форматқа ауыстыру жоспарланып отыр», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.