Алматыда Jasyl Almaty кең ауқымды акциясы жалғасуда. Шара аясында осы күнге дейін 4000-ға жуық ағаш отырғызылды. Қаланы көркейтуге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзі мұрындық болып, Көктөбе мен мектеп ауласына сиверс алмасы, сән ағашы және қызғалдақтар егілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Jasyl Almaty» жобасының аясында қала әкімінің тапсырмасымен үш жылда қаламызда миллион ағаш егілуі керек. Жоба қолдаушыларымен бірге өткен демалыста Бақытжан Сағынтаев 600-ге жуық ағаш көшеттерін отырғызды. Шараға қатысқан мектеп оқушылары осындай бастамаға алғыстарын айтып, өз қызығушылықтарын білдірді.
«Бүгін мектебімізде ағаш көшеттері отырғызылып жатыр. Бұдан былай ол ағаштарды бағып-қағуға ант етеміз. Себебі, табиғат – баршамыздың ортақ үйіміз», – деді оқушы Нұрлайым ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.
«Ағаш еккен кезде ауаны тазартып, табиғатты көркемдейді. Тек мектеп ауласын ғана емес қаланы да көркейтетін нәрсе», – деді оқушы Алдияр АСҚАРҰЛЫ.
Дәл осы күні қаланың 110 мектебінде мектеп оқушылары және олардың ата-аналары, қала тұрғындары қоршаған ортаны көркейтуге бір кісідей ат салысты.
«Жасыл қала» акциясын қолдаймыз. Ата-бабамыз «Ұрпақ өсір, үй соқ, ағаш ек» деген. Көліктен шыққан газ, ластанған ауаны осы ағаштар жұтады ғой. Көктемде қазақша сән ағаш қазір егіп жатқанымыз. Көктемде гүлдейді.Керемет иіс шығарады. Балаларға көлеңке. Жасыл желектің өсіп тұрғаны тамаша ғой», – деді Айгүл МҰҚАНҚЫЗЫ.
«Міне, бүгін ауданымызда жасылдандыру жүріп жатыр. Ол өзіміздің ауданымыздың табиғатын түзету. Жастардың бәрін тартып, тұрғындар атсалысып көркейтіп жатырмыз», – деді Айбек АЛИХАНҰЛЫ.
Мамандардың айтуынша, Алматыда 2 миллионға жуық ағаш болса, оның 550 мыңға жуығы құрып кетудің аз алдында тұр. «Jasyl Almaty» жобасының мақсаты - осы ағаштардың орнын толтыру. Шара әліде жалғасып жатыр.
Қуан Нұрақын, Арсен Сандыбаев, Алматы телеарнасы