Америкалық отбасы асырап алған қазақ қызы анасын тапты

29.05.2020 22:51

Эйжа биологиялық ата-анасын іздейтінін Facebook желісінде жариялаған

Америкалық отбасы асырап алған этникалық қазақ қызы Эйжа Бергер туған анасын тапты, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Эйжа биологиялық ата-анасын іздейтіндігін Facebook-тегі Kazakh American Association (Қазақстандық-америкалық қауымдастық) паблигінде жазған еді.

«Туған анаммен байланысқа шықтым, біз өте бақыттымыз. Көмек көрсеткен барлықтарыңызға үлкен рахметімді айтамын», - деп жазды Эйжа Бергер бұған дейін Kazakh American Association (Қазақстандық-америкалық қауымдастық) паблигінде қалдырған жазбасындағы қосымша пікірінде.

Еске салсақ, бұған дейін біз америкалық отбасы асырап алған этникалық қазақ қызы Эйжа Бергер өзінің биологиялық ата-анасын іздейтінін хабарлаған едік.

Америкалық отбасы Эйжа-Әсияны 1,6 айлығында Семейдегі балалар үйінен асырап алған. АҚШ-та өскен бойжеткен өзінің туған ата-анасын іздеп табуға бел буыпты.