Америкалық Әсия Бергер өзінің биологиялық ата-анасы Қуат және Құралай Ашқановтарды іздейді. Оның айтуынша, олар Қазақстанда тұрады, деп хабарлайды Almaty.tv zakon.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Бойжеткен 2000 жылы туған. 2001 жылы оны америкалық отбасы асырап алып, Әсия Бергер деген есім береді. Отбасында әпкесі мен сіңлісі бар, ол үйдің ортаншысы. Қазір Флорида штатында тұрады, сондағы колледжде оқиды.
Әсияның бұрынғы аты-жөні Салтанат Ашқанова.
«Әңгімені былай бастайын: Менің атым – Эйжа Бергер. Бұл есімді маған америкалық ата-анам берді. Алғашқы есімім – Салтанат. Дәл сол өңірде туғаныма сенімді емеспін, бірақ Семейден 2001 жылы 16 айлығымда асырап алған. Онда бір ғана балалар үйі бар. Мен өзімнің биологиялық ата-анамды таппақ болып шештім. Оларды әрдайым көргім келіп жүретін еді», – дейді ол Facebook пайдаланушысына берген сұхбатында.
Бойжеткен өзін асырап алғанын білген. Өйткені, оның қазіргі ата-анасының түрі еуропалық. Ата-анасы алғашында ұл бала асырап алғысы келген екен.
Қыздың биологиялық ата-анасының аты-жөні – Қуат және Құралай Ашқановтар. Бойжеткен қазір мүмкіндігі бар кезде сол ата-анасын тауып алуға бел буыпты. Оның бұл ойын америкалық ата-анасы да қолдаған екен.