Қордай, Жамбыл, Шу, Тұрар Рысқұлов аудандарының кәсіпкерлері тиісті төлемді уақытылы алмаған
Жамбыл облысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер өзіне тиесілі субсидияны уақытылы ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Субсидияны уақыты ала алмай жүргендердің бірі – Нұрғиса Қуанышбаев. Ол балық шаруашылығымен айналысуды 10 жыл бұрын бастаған. Соңғы 3 жылда 40 гектар жерге бассейн салып, шабақ өсірген. Ол жылына 3-4 миллион шабақ шығарып, 60-70 тонна тауарлы балық бағуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер «мемлекеттен берілетін субсидияны уақытылы ала алмай қойдым. Соның салдарынан тауарлы балық өсіру ісі тұралап жатыр» дейді.
– Мамыр-сәуірде қаражат бергені дұрыс. Сазанды 3-4 айда сата аламыз, ол қыста өспейді. Ақша уақытылы түспейді. Бірақ құжаттарды дер кезінде қабылдайды, – деді кәсіпкер Нұрғиса Қуанышбаев.
Балықтың бабын тапқандар жыл басында берілуі тиіс көмек қаржы жыл аяғына берілетінін айтты. Салдарынан балық жемі мен дәрі-дәрмегін алу қиынға соғады. Ал дайын қаржыны уақытылы бермеген Табиғи ресурстар басқармасының мамандары қаулы дайындау кезінде қателік жіберген. Салдарынан биылдың өзінде 23 кәсіпкерге берілуі тиіс 95 млн теңге кешіккен. Биыл балықшыларды қолдау үшін бюджеттен 200 миллион теңге бөлінген. Прокуратура мамандарының айтуынша, бұл қаражат аз.
– Біріншіден, кәсіпкерлердің саны көбеюіне байланысты, екіншіден, жем-шөп көлемі артқандықтан 260 млн теңге қосымша субсидия мемлекеттен бөлу жөнінде хат дайындалды. Себебі балық та 2 есе көбейіп жатыр, – деді Табиғатты қорғау прокуратурасының аға прокуроры Еркін Әлмаханов.
Салалық басқарма субсидия төлемін соңғы 3 жыл бойы кешіктіріп келген. Қордай, Жамбыл, Шу, Тұрар Рысқұлов аудандарының кәсіпкерлері тиісті төлемді уақытылы алмаған. Қазір кінәлі қызметкерлерді жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Алматы телеарнасы, Жамбыл облысы
Оқи отырыңыз: Жертөлені су басып қалды: Көкшетаудағы тұрғын үй сапасы сын көтермейді