Informburo.kz ақпараттық-аналитикалық интернет-порталының бас редакторы Михаил Дорофеев қайтыс болды. Бұл туралы журналист Бағдат Қожахметов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазақстан журналистикасында бүгін орны толмас қаза. Михаил Дорофеев», – деп жазды Қожахметов.
Михаил Дорофеевт Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарында тәжірибесі мол білікті маман еді. Атырау облысының жергілікті басылымдарында, одан кейін республикалық БАҚ-та - КТК телеарнасында, «Экспресс К», «Город» және «Мегаполис» газеттерінде жұмыс істеген. Республикалық телеарналарда менеджерлік қызметтер атқарған, оның ішінде «Астана қаласының телевизиясы» ЖШС бас директоры және «Телекомпания «Эра» ЖШС бас продюсері болған.
Әр жылдары «Портрет недели» (КТК), «Формула личности» (Қазақстан, Астана-ТВ), «Тема» («Астана» телеарнасы), «Открытый диалог» («Хабар») телевизиялық бағдарламаларының жүргізушісі болған. Ол Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты (2018 жыл), Қазақстан Журналистика академиясының академигі, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.
«Алматы» телеарнасының атынан әріптесіміз Михаил Дорофеевтің қазасына байланысты оның жақындарына мен достарына қайғыра көңіл айтамыз.