Алматы қаласының тау туризмі инфрақұрылымы күннен күнге дамуда. Өткен аптада қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында жаңа кейіпке енген тау шатқалында болды. Ондағы атқарылған жұмыстар жөнінде Бақытжан Әбдірұлы өзінің инстаграм парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Тау туризмі инфрақұрылымын дамытуды жалғастырудамыз. Бұған дейін таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мыңдаған шақырым тау маршрутын цифрландырып, 500 шақырымын абаттандырғанымыз туралы айттым. Қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, тау жорығын қызықты әрі танымды ету үшін Горельник пен Аюсай шатқалдарында визит-орталықтар ашамыз», – деді Б.Сағынтаев.
Сондай-ақ қала басшысы қонақтарға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Жұмыс сапары кезінде олардың әлеуетімен таныстым. Мұнда қажетті жағдай жасалған – тамақтану орны, жазғы террасалар мен тегін Wi-Fi бар. «Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебінің еріктілері мен кәсіби альпинистері тегін экологиялық сабақтар өткізеді. Туристерге маршруттар туралы ақпарат беріліп, қауіпсіздік пен қоршаған ортаға ұқыпты қараудың негіздері түсіндіріледі», – деді қала әкімі.
Осы орайда альпинист Мақсұт Жұмаев тау бөктерінде демалушыларға ыңғайлы жағдай жасағанына дән риза.
«Бұған дейін тау жабайы әлемді елестететін, қарапайым халық пен туристер үшін қолайсыз еді. Ал қазір мұндай орындар демалушылар үшін заманға сай болғаны аса маңызды. Азаматтар енді тауда да түрлі қызметтерді пайдалана алады, жедел көмек керек болса қиындықсыз алуына мүмкіндік туды. Әрі мұндай визит-орталықтар ауыр құрылысты қажет етпейді. Бәрі табиғи түрде құрастырылған», – деді ол.
Ал Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова демалушыларға қолайлы инфрақұрылымдық жобалардың дамып жатқанын құптайтынын айтты.
«Мен тау туризмінде визит-орталықтардың ашылып жатқанына қуаныштымын. Өйткені біздің ұлттық парктер әрдайым келушілермен, туристермен тығыз байланыс орнатудың жолын іздеп келді. Сондықтан туризм саласындағы адамдарға да қолайлы әрі табиғатқа да зиян келмейтін инфрақұрылымдық жобалардың дамып жатқаны бәрімізді қуантады», – деді Р. Шайкенова.