Бұл жолы тәрбиешінің көмекшісі түскі уақытта баланы мұрнынан ұрған. Ата-ананың шағымынан соң, бейнебақылау камерасындағы жазбада аталған дерек расталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір тәрбиешінің көмекшісі Ирина Шадских еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан қуылып, тәрбиешіге қатаң сөгіс жарияланса, қалалық білім басқармасы тарапынан балабақша меңгерушісіне де тәртіптік жаза беру туралы шешім шығарылған.
«Қазіргі таңда Ирина Шадских балабақшадан ҚР Еңбек кодексінің 52-бабына сәйкес, 14 тармағы бойынша жұмыстан босатылды. Бұл жерде тәрбиелеушінің міндетін атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасау фактісі бойынша статьямен жұмыстан шығарылды. Ол топтың тәрбиешісі Нұрымбетова деген кісіге де сөгіс жарияланды. Және де Алматы қаласы білім басқармасы тарапынан осы балабақшаның меңгерушісі Наталья Викторовна Карасеваға да тәртіптік жаза жариялады», – дейді Алматы қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Әлия САҒИЕВА.
12 топты тәрбиелеуге қауқары бар нөмірі №96 балабақшада 24 тәрбиеші мен 12 тәрбиешінің көмекшісі жұмыс істеу керек. Алайда қазіргі уақытта бұл мекемеде 13 тәрбиеші мен 4 көмекші айлығын шайлығына жеткізіп жүр. Яғни, маман тапшылығы байқалады. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мұнда 79 бейнебақылау камерасы орнатылған. Осының арқасында кез келген ата-ана баласының немесе тәрбиешілердің әрекетін жазбадан қиналмай көре алады.