Атыраулықтар ауыз суға зәру

07.09.2023 22:55

Шенеуніктер жаңа су сорғысын орнатып бере алмайтынын айтты

baq.kz

«Саусағының ұшын да қимылдатпайды». Осылай деп шу көтерген атыраулықтар түк бітірмей отырған шенеуніктерге өкпелі. Алмагүл ықшамауданында орналасқан 9 қабатты тұрғын үйде 2 айдан бері суық су жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сұлтан Бейбарыс көшесінің тұрғындары тіршілік көзінен тарығып отыр. «Екі айдан бері бір тамшы су ақпайды» деген қараша түк бітірмей отырған әкімдіктегілерге өкпелі. Олардың айтуынша, суды сатып алып ішеді.

– Су жоқ. Әжетханаға пайдалану үшін су сатып аламыз. Жаңа Қазақстан дейді, қаланың қақ ортасында тұрып, суға жарымай отырмыз, – деді қала тұрғыны Венера Зұлқайнарова.

– Менің 6 балам бар. Оларды шомылдыра алмай отырмын. Артық су ішпейміз, кір жуа алмаймыз. Енді қайда барамыз? – деді қала тұрғыны Лидия Добикова.

Тоғыз қабатты тұрғын үйде тұратындардың дені – көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар үшін суға ақша төлеудің өзі оңай емес.

– Мен жалғыз болған соң,  800 теңге төлеймін. Көпбалалы отбасы бар, олар суды 4-5 мың теңгеге сатып алады, – деді қала тұрғыны Мария Қалиева.

«Әкімдік табалдырығын тоздырып шаршадық» деген жұрт шенеуніктердің сөзіне сенуден қалған. Жаттанды жауаптан жалыққан олар сөзден іске көшсін деп талап етіп отыр. Ал шенеуніктер мәселемен таныс, бірақ жаңа су сорғысын орнатып бере алмайтынын айтты.

– Бейбарыс шағынауданы бойынша салқын су мәселесі әкімдік теңгерімінде тұр. Ашық электронды конкурс жарияладық. Халықтың түсіністік танытуын өтінеміз. Себебі тәртібі бойынша конкурстың 15 күнге созылады, – деді тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.

Көпшіліктің күмәні сейілмеді. Бұл жолы уәде орындалмаса, Үкіметке шағымданатынын жеткізді. 

Мадина Оқас, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы қаласының Жетісу ауданында су құбыры мен кәріз салынады