|
18.06.2024 | 20:04
1353

Елімізде 5G технологиясы қашан енгізіледі

Бүгінде 20 қалада 1 мың 144 базалық станса орнатылған

Елімізде 5G технологиясы қашан енгізіледі Almaty.tv

Әлемде Қазақстан ғаламтор мүмкіндіктері бойынша 66-орында тұр. Интернеттің жылдамдығы орташа есеппен секундына 43 мегабит. Соның өзінде еліміз Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан алда тұр. Мұндай деректерді «Speedtest Ookla» порталы ұсынып отыр. Дегенмен Қазақстанның қалаларынан шет жаққа жолға шықсаңыз, интернет түгілі қарапайым байланыс болмай қалады. Мұндай проблеманың барын Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мойындап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұрынғы басшысы Бағдат Мусин Қазақстанның бас қаласындағы интернет жылдамдығы Токиодан басып озған айтқан. Ал оның орнына келген Жаслан Мәдиев елдегі ғаламтор мүмкіндіктерін өзге мемлекеттермен салыстыруға асықпайтын көрінеді. Ведомство басшысы Қазақстанда 5G технологиясын енгізуді келер жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отыр. Бүгінде 20 қалада 1 мың 144 базалық станса орнатылған.

– Қазақстандағы байланыс сапасын арттыруға бағытталған. Ал түрлі зерттеу жүре береді. Еліміз бойынша байланыс сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды мониторингтеу үшін «телекоммуникациялардың цифрлық картасы» іске қосылады. Әрбір адам елдімекендердегі байланыс сапасының проблемаларын және оларды жою жоспарын көре алады, сондай-ақ кез келген орын бойынша өз бағасын бере алады, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев. 

Елдегі интернеттің сапасын Премьер-министр Олжас Бектенов сынады. Үкімет басшысы Қазақстанның барлық аумағы жылдамдығы жоғары ғаламтор желісімен қамтылған деп ауыз толтырып айта алмаймыз деп күрсінді. Дәлел ретінде халықтан келіп жатқан шағымдар санының көптігіне назар аударды. Осыған байланысты Премьер сапа жақсармай, бағаның да көтерілмеуін бақылауда ұстауды тапсырды.

– Жұрт бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді. Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсті. Биыл 5 айда шағым саны 11 мыңға жуықтады. Министрлік монополияға қарсы күрес қызметімен бірігіп, операторлардың міндетін толыққанды орындауын және бағалық сөз байласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз ету керек, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Құзырлы ведомство басшысы Жаслан Мәдиевтің сөзінше, республикалық жолдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін цифрлық инфрақұрылым қажет. Оның айтуынша, Қазақстанда мүлдем байланыс жоқ жерлерге арнайы құрылғы орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Мәселен, қазір әкімдіктер 2025-2026 жылдарға республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы 243 антеннаның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап қойған.  

– Он үш антенналық діңгек құрылымы бойынша оң сараптамалық қорытынды алынған. Ал 141 діңгек бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қалған  84 антенналық діңгек құрылымын қатысты әкімдіктер 2024 жылдың үшінші тоқсанында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, конкурстық рәсімдерді бастауды жоспарлап отыр, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Елдегі байланыс операторлары 5G технологиясын дамытуға 450 миллиард теңге инвестиция салмақшы.

Қазақстанда халықты сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданған. 2027 жылға қарай елдімекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100 пайызға жетеді деген болжам бар.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматының тау бөктерінде үш бірдей заңсыз нысан сүрілді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир