Көк жәшікке көз тіккен көрерменге құлаққағыс! 29 қаңтарда Алматыда аналогтық жүйе арқылы хабар тарату тоқтатылады. Сөйтіп, телерадио хабарларын тарату толықтай цифрлық жүйеге көшіріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осылайша, телеконтенттің сапасы мен дыбысы әлдеқайда жақсара түседі дейді мамандар. Қала тұрғындары оған дейін арнайы сигнал қабылдағыш сатып алуыңыз керек. Еске салайық, цифрлық жүйеге көшу елімізде 2012 жылы басталған болатын. Содан бері елдегі 800-ден астам телерадио станса қайта жаңартылды.
«Оған көшу үшін ескі теледидар болса, тек қабылдағыш сатып алу қажет. Сонымен бірге бөлмелік немес тысқы антенна. Олардың бағасы 1500 теңгеден. Ал, қабылдағыштың бағасы 4 мың теңгеден жоғары. Ал, егер теледидарыңыз TVDB-2 стандартты қабылдайтын болса, онда тек антенна ғана жетіп жатыр», – деді «ҚАЗТЕЛЕРАДИО» АҚ PR-менеджері Лира Сералина.
Айта кету керек, қаладағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға арнайы цифрлық сигнал қабылдағыш тегін беріледі. Ол үшін жергілікті әкімдікке барып, арнайы құжаттарын өткізіп, өтініш қалдыруы керек.
«Егер тұрғындар біздің жерсеріктік «Отау тв» немесе басқа да кабельдік операторлардың топтамаларына қосылған болса, ол тұрғындарға қорқудың қажеті жоқ. Олар көріп отырған арналарын ары қарай көре береді. Мәселе, тек аналогтік желіні көріп отырған тұрғындарға қатысты», – деді «ҚАЗТЕЛЕРАДИО» АҚ PR-менеджері Лира Сералина.