Жыл басынан бері Алматыда мемлекеттік тапсырыс беру байқауында 350 заңбұзушылық анықталды. Осыған қатысты тиісті ескерту жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекеттік органдар олқылықтың барлығын белгіленген мерзімде түзеген. Тапсырыс берушілер көбінесе тендерге қатысатын фирмаға қойылатын кәсіптік талаптарды тым көтеріп жіберген.
«10 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс ескертулер бар. Егер оған келіспеген жағдайда, жоғарғы органға өз талабын жаза алады. Яғни, ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жүгіне алады. Аппеляция басқармасы біздің ескертуіміздің дұрыс-бұрыстығын тексереді», – деді Алматы қаласы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Ернат БАЙҒАЛЫҚ.
Биыл қабылданған жаңа заң мемлекеттік тапсырыс беруді оңтайландырмақ. Соның бірі бюджеті аз тапсырыс берушілерге қатысты. Олар балабақша, мектеп және емханалар. Олар үшін шекті баға 240 мың теңгеден 1 миллион 200 мыңға дейін ұлғайған. 2 миллион 400 мыңға дейін тапсырыс берілгенде тапсырыс беруші тауардың фирмалық атауын көрсетуге құқылы. Ол сапаға әсер етеді. Елімізде осы жылдың наурыз айынан бастап камералды бақылау жаңартылған ереже бойынша жұмыс істеп отыр.