Алматыда қоғам қайраткерлері түрколог-ғалым Шора Сарыбаевты еске алды

03.03.2020 22:56

Ғалымның тіл ғылымына қосқан өлшеусіз үлесі айтылды

Abai.kz

Алматыда қоғам қайраткерлері қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Шора Сарыбаевты еске алды. Түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессордың туғанына 95 жыл толуына орай, «Шора Сарыбаев тағылымы: тіл тағдыры және ұлт ұлағаты» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ғалымның көзін көргендер онымен істес болған әріптестері лингвисттің дара қасиеттерін еске алып, тіл ғылымына қосқан өлшеусіз үлесін айтты.

Бүгінде өзіміз күнделікті қатынаста қолданып жүрген әрбір сөзіміздің түп-тамыры қайдан шықты, асылында не мағына беретініне бір сәт мән беріп, ойлана бермейміз. Осындай маңызды дүниелерді жіпке тізіп, жіктеп, жинақтау - Шора Шамғалиұлының қолынан келген. Көрнекті ғалым – қазақ тілінің дамуына, оның халықаралық деңгейде танылуына, тіліміздің түркі дүниесінде өзіндік орнын қалыптастыруына үлкен үлесін қосқан бірегей тұлға. Тіл білімінің қазақ тілі тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, библиография сияқты салаларын терең зерттеп, құнды мағлұматтар қалдырған. Әсіресе, халық арасында көптеген сөздіктері кеңінен таралған.

«Қазір плагиат деген шығып жатыр ғой. Ол кезде плагиат дегенді білмедік. Бірақ сол кезде Шөкең соны сезгендей, сілтеме жасауды үйреткен. Бірдемені бастадың ба бір Ғылыми жұмыс бастадың ба,  оны алдымен кім зерттегенін білуің керек. Қазақ тілінде болмаса да, басқа тілде сондай мәселені көтерген шығар. Шора Сарыбаев  библиография жасап үлкен еңбектер жазған», – деді Қайнар академиясының ректоры, профессор Еренғайып ОМАРОВ.  

Ендігі ұрпақ алдында Шора Сарыбаевтың тұлғалық қырын жан-жақты зерделеу міндеті тұр дейді тіл мамандары. Бар ғұмырын қазақ тіліне арнаған бірегей маман 300-ден астам ғылыми мақала, монография мен оқулық жазып қалдырған. Диалектологияның ғылым болып қалыптасуына да мұрындық болған – Шора Сарыбаев. Лингвистің көзін көргендер оның әмбебап ғалым екенін айтып, тамсана еске алады.

«Диалектология ғылымы – бізде өте терең. Өте жүйеленген. Өйткені бұл қазақ тілінің тарихын зерттеу үшін жергілікті ерекшеліктерді пайымдау өте маңызды. Сондықтан Шөкеңнің үлесі осы бағытта өте көп болды», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден ҚАЖЫБЕК.

Шора Шамғалиұлының жетекшілік қабілеті өз алдына бір төбе дейді көз көргендер. Әрбір келген жас маманға бар ықыласын арнап, жасалу керек жұмысты тәптіштеп үйретер ұқыпты ұстаз болған. Сөз шебері башқұрт, татар, өзбек сияқты бірнеше тілді меңгерген. Ғалым ретінде бір ғана бағытты ұстанбай жан-жақты зерттеулер жүргізген дейді шәкірттері. Бүгінде сондай еңбектері әлі де шығарылмаған. Тіл жанашырлары енді ғалымның архивтерін ақтарып, танылмай қалған еңбектерімен жұмыс жасамақ.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов

«Алматы» телеарнасы