Алматыда 20-ға жуық әскери зейнеткер отбасымен бірге құрылысы бітпеген тұрғын үйге қоныстануға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Қорғаныс саласында он жылдан бері қызмет еткен оларға 2019 жылы үкіметтен баспана берілуі керек болған. Алайда әскерилер әлі күнге казармаларда тұрып жатыр. Тұрғын үй құрылысы Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен 2014 жылы басталған. Бірақ аяқсыз қалыпты. Жуырда жылыту маусымы аяқталуына байланысты қызметтік пәтерлерді босату туралы хабар алған
«Үйді тонап жатқандықтан біз өзіміз кірдік. Соңғы подъездің есіктері де ұрланды. Шынын айтқанда құрылыс компаниясы күзет қызметіне әрең ақша төлеп отыр», – деді әскери зейнеткер Қайрат Жүндібаев.
Министрлікке бұған дейін талай арыз жазып, көмекке жүгінген. Бірақ құзырлы органнан ешқандай жауап болмапты. Қорғаныс саласына он жылдан астам еңбек еткен азаматтар енді зейнетке шыққан соң керексіздің күйін кешіп отырмыз деп налиды.
«Кезекке қойып, енді аласың деген кезде тімізнен шығарып тастады. Арыз жаздым. Сіз бұрын әскери қызметкер болғансыз, енді олай емес деген жауап алдым», – деді әскери зейнеткер Ізбасар Айтанов.
Ал Қорғаныс министрлігі үй құрылысының тоқтауына мердігер мекеме себеп болды дейді. Сондай-ақ ведомство әскери зейнеткерлерге тұрғын үй берілмей ешқайда шығарылмайды деп сендірді. Үйдің құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарланыпты.
«Алматы қаласындағы екі тұрғын үй зейнеткерлерге беріледі. Тек әскери қызмет өтілімі 20 жылдан кем болмауы тиіс және 10 жылдан асуы керек», – деді ҚР Қорғаныс министрлігі тұрғын үй басқармасының бастығы Бауыржан Зекенов.
2018 жылы 10 жылдан астам еңбек өтілі бар 742 адам зейнетке шыққан. 425-і жеке баспана алу туралы шешім алған. Өзгелеріне де баспана беру мәселесі жүзеге асырылмақ.
Назкен Еркін, Аянрафи Нәрікбаева, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы