Тоқаевтың штабы Жаңаөзен жұртшылығымен кездесті
Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы Жаңаөзен қаласына барды. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламаны жергілікті жұртқа кеңінен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алдағы жоспарларының бірінде өңірлерді дамытуға басымдық береді. Нақтырақ айтсақ, шағын және орта бизнестен алынатын корпоративті табыс салығын республикалық бюджеттен алып, өңірлерге беруді жоспарлап отыр. Ол мақсат жүзеге асса, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы ілгері басады деген ойда.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында әсіресе халық пен билік ортасындағы қарым-қатынасты нығайтуды көздеп отыр. Ол – қарапайым халықтың көтерген мұң-мұқтажын дұрыс тыңдап, соған құлақ асып, соны шешуге ат салысу деген сөз. Тоқаевтың бағдарламасында әсіресе, аймақтардың дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше назар аударып отыр», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшесі Нұртай САБИЛЬЯНОВ.
Осыдан кейін кандидаттың сенімді өкілдері сайлауалды бағдарламаларын таныстыру үшін Ақтау қаласына да барды. Онда президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоспарының жай- жапсары талқыланып, қандай мақсатқа басымдық берілетіні айтылды. Жалпы кандидаттың бағдарламасында басымдық халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
«Бір сөзбен айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Сабақтастық. Әділді. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасы біздің жаңа болашағымыз үшін нақты шараларды айқындады», – дейді үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық штабының мүшесі Аят СҮГІРБАЙ